Биыл мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты 89 мың адам әлеуметтік төлем алды.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жалпы жұмыссыз қалған 143,3 мың адам әлеуметтік төлем алып жатыр. Олардың ішінде 89 мың адамға биыл алғаш рет осы төлемдер тағайындалды. Барлығына 25 миллиард теңге бөлінді.
Қазақстанда заң бойынша жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер ала алады. Бұрынғы табыстың 45%-іне дейінгі мөлшерде төлемдер беріледі.
Төлем алу тәртібі:
- eGov.kz порталында авторизациялау;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Бұл қызметті онлайн режимінде электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобайл телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады.