Иран президенті Ибрахим Раисидің тікұшағы әуе апаты кезінде толығымен өртеніп кетті, барлық жолаушы қаза болды.
Бұл туралы IRNA ақпарат агенттігі хабарлады.
19 мамыр, жексенбі күні Шығыс Әзербайжанның Варзакан аймағындағы Тебриз қаласына ұшып бара жатып апатқа ұшыраған Иран Ислам Республикасының сегізінші президенті Аятолла Сейед Ибрахим Раиси қасындағы ресми тұлғалармен бірге қайтыс болды, — делінген хабарламада.
Тікұшақ құлаған аймақтың жергілікті ақпарат көздері президент пен оның серіктерінің қаза болғанын растады.
Тікұшақ бортында жоғарғы көшбасшының өкілі және Тебриз жұма намазының имамы, сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян, Шығыс Әзербайжан губернаторы Малек Рахмати, президенттік қауіпсіздік бөлімшесінің қолбасшысы генерал Сейед Махди Мусави және тікұшақтың басқа да экипаж мүшелері болды.
Осыған байланысты Ислам республикасының үкіметі жақын арада тиісті мәлімдеме жасайды.