Түркістан облысы Сарыағаш ауданында із-түзсіз жоғалып кеткен бүлдіршіннің мәйіті табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Түркістан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы мен Сарыағаш аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары барысында баланың денесі көрші үйдің дәретханасынан табылды. Кішкентай қыздың денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ, — деп хабарлады полиция.
Қазір сот-медициналық сараптама жасалып жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталады.
Бүлдіршінді іздеуге полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері, құтқарушылар, еріктілер және тұрғындар жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында үш жасар қыздың 16 мамырда жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады. Ата-анасысының айтуынша, үй тірлігімен жүргенде таңғы сағат 9:00 шамасында бүлдіршін есік алдындағы қақпа алдында ойнап жүрген. Содан кейін бала із-түзсіз жоғалып кеткен.