Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 150 үйдің құрылысы басталады. Бұл туралы облыстық жедел штаб хабарлады.
Бүгінде әрқайсысының ауданы 80 шаршы метрлік 74 типтік үлгідегі үйдің учаскесі белгіленді. Негізгі құрылысты келесі аптада бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті.
Тұрғын үйлер облыстық бюджеттің және демеушілердің қаражатына салынады. Құрылысты жергілікті мердігер мекемелер жүргізеді деп жоспарланып жатыр, — дейді Құсайынов.
Ықшамаудан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен – жарық және сумен қамтылған, газбен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ықшамаудан аумағында екі мың орындық Binom мектебін салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 300 орындық балабақша құрылысы басталады. Тұрғындарға арналған шағын аллеялар салу жоспарланып жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталды.