Ғылым және жоғары білім министрлігі ерекше талапкерлердің ҰБТ-ны ыңғайлы тапсыруы үшін жағдай жасап жатыр. Бұл туралы ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов айтты.
Өткен жылдардағыдай, 2024 жылғы ҰБТ-да ерекше талапкерлер үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады. Көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді, — деді Болатбек Абдрасилов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Қабылданған шаралардың арқасында тестілеуге қатысатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді.
Егер 2021 жылы ҰБТ-ға 90 бала қатысса, 2022 және 2023 жылдары олардың саны 500 адамға жетті, — деді спикер.
Айта кетейік, Қазақстанның 14 өңірінде негізгі ҰБТ басталды. Ал су тасқыны болған алты облыста ҰБТ 25 мамыр-12 шілде күндері өтеді.
Кейінгі жылдары талапкерлер биология-химия комбинациясын жиі таңдай бастаған.