Басты бетЖаңалықтарПрезидент Орталық...

Президент Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады.  Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент делегация басшыларына ілтипат білдіре отырып, Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының алғашқы кездесуі сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптің алдын алу үшін күш-жігер біріктіретін, сонымен қатар оған қарсы тұруға қажетті шараларды әзірлейтін тиімді алаңға айналуы керек екенін атап өтті.

Аймақтық ынтымақтастық барлық бағыт бойынша қарқынды дамуда. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – өте маңызды әрі оң үрдіс. Мемлекетаралық саяси диалог та мүлде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономикалық ықпалдастық белсенді түрде кеңеюде. Кейінгі бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80%-тен астам артып, 10 миллиард доллардан асқан. Бұл ретте елдер арасындағы экспорттық-импорттық операцияларды жоспарлы түрде ұлғайту, тауарлардың номенклатурасын көбейту мәселелері шешіліп жатыр. Бизнес арасындағы байланыс күшейіп, бірлескен кәсіпорындардың саны арта түсті. Аймақтық ірі жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын да өзгертеді. Көлік-логистика әлеуетінің еселенуі өңірдің қарқынды дамуы үшін берік негіз болады. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстар жанданып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл процестер өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы нәтижелі диалогпен дәйектелуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлердің көбі трансшекаралық сипатқа ие екенін айтты. Сондықтан оларға қарсы тұру үшін күш-жігер біріктіру қажет.

Бұл жерде, ең әуелі, халықаралық экстремизм мен терроризмге, есірткі тасымалына, қару-жарақ саудасына қарсы күрес туралы сөз болып отыр. Осы орайда Ауғанстанға баса мән беруіміз керек. Бұл елде күрделі әрі түрлі бағыттағы процестер жүріп жатыр. Онда белгілі бір деңгейде тұрақтану, экономикалық жағдайдың жандану белгілері бар екенін мойындау қажет. Екінші жағынан, халықаралық террористік ұйымдардың белсенділігіне байланысты қауіп-қатердің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұған Мәскеу облысында жұртты қанға бөктірген лаңкестік әрекет дәлел бола алады. Біздің ойымызша, Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Мұнда көп нәрсе біздің елдеріміздің үйлесімді ұстанымына байланысты. Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз, – деді президент.