Су басқан аймақтардағы оқушылар емтиханнан босатылады

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда орналасқан 17 мектептің 9 және 11-класс оқушылары емтихан тапсырмайды. Бұл туралы онлайн брифиңде Қазақстанның оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаева айтты.

Төтенше жағдай жарияланған Ақтөбеде тоғыз мектепте, Атырауда үш мектепте және Солтүстік Қазақстан облысында бес мектепте оқушылар аралық және қорытынды аттестаттаудан босатылды, — деді Наталья Жұмаділдаева.

9-кластың 341 242 оқушысы 29 мамыр мен 10 маусым аралығында қорытынды аттестациядан өтеді.

11-класс оқушылары үшін бітіру емтихандары 28 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. 12-15 маусым аралығында сертификаттарды салтанатты тапсыру рәсімі болады.

Еліміздегі су тасқыны болған аймақтар қашықтан оқытуға көшкен, сонымен қатар қыста ауа райы жағдайына байланысты 2 622 мектепте білім берудегі олқылықтардың орнын толтыру үшін жазғы мектеп ұйымдастырылады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 22 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі оқу жылын аяқтайды. Биылғы оқу жылында бұл ұйымдарда 5 миллионнан астам бала білім алды. 9-класты 341 мыңнан астам, 11-класты 186 мыңнан астам оқушы бітіреді. Мектептің аяқталу күні – 2024 жылғы 25 мамыр деп белгіленген.

Биыл алғаш рет 5-8, 10-кластарда қазақ тілі мен әдебиетінен аралық емтихан өткізіледі.

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 156 мың студент бітіріп жатыр. Колледж түлектері үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін аяқталып, олар 28 маусым мен 1 шілде аралығында диплом алады.