Алматыда бірнеше көшеге белгілі өнер қайраткерлерінің есімі беріледі. Бұл туралы қалалық мәслихат хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындардан шаһар көшелеріне Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлері: әнші Ермек Серкебаев, композитор Ескендір Хасанғалиев, актерлар Юрий Померанцев пен Владимир Толоконниковтың есімін беру туралы өтініштер келіп түскен.
Қалалық мәслихат шешімінің жобасы бойынша Бостандық ауданы Ю.Гагарин даңғылының К.Тимирязев көшесінен әл-Фараби даңғылына дейінгі бөлігіне Ермек Серкебаев даңғылы, Әуезов ауданы Юбилейная көшесіне Владимир Толоконников атын беру жоспарланған. Ескендір Хасанғалиевтің есімін Түрксіб ауданының «Жас Қанат» шағынауданындағы атауы жоқ көшеге беру көзделді, ал Юрий Померанцевтің есімімен қаланың Бостандық ауданындағы атауы жоқ көше аталады, — делінген хабарламада.
Шешім жобасы республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберіледі.