Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі кейінгі күндері түсіп келе жатқаны байқалады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы хабарлады.
«Қазгидрометтің» 13 мамыр күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша Жайықтағы су деңгейі Бәйтерек ауданы Январцев ауылы мен Орал қаласы тұсында бір тәулікте 4 (754 см), Көшімде 2 (778 см) , Тайпақта 5 (927 см) және Көшім каналында 1 (744 см) сантиметрге төмендеді. Есесіне көршілес Ресейдің Орынбор облысында Орск қаласы тұсында Жайық өзеніндегі су деңгейі аздап өскені байқалады.
Өзендердің ағысы солай, бірде көтеріледі, бірде түседі. Одан Батыс Қазақстан облысына келер қауіп жоқ, — деді филиал директоры Тілеген Шапанов.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының басшысы Рауан Хұсайыновтың нақтылауынша, ресейліктерден алынған мәлімет бойынша, Жайық өзеніндегі су деңгейі Орск қаласы тұсында бір тәулікте 3 сантиметрге (343 см) көтерілсе, Орынборда 17 сантиметрге (548 см) түскен.
Бұл Орынбор облысындағы Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне судың жіберілу көлеміне байланысты. Ауа райының өзгеруіне байланысты 7 мамырдан бастап Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін су көлемі секундына 192 текше метрге дейін көбейтілді. 8 мамыр күні таңмен Жайық деңгейі Орынборда 640 (қауіпті шегі – 760 см), Елек ауылы тұсында 840 (850 см) сантиметрді көрсетті. Дегенмен 12 мамырдан бастап Ирекліден жіберілетін су көлемі секундына 141 текше метрге дейін азайтылды. Соның әсерінен Орынборға қоса Електе бүгін таңмен су деңгейі 820 сантиметрге дейін түсті, — деді Р.Хұсайынов.