Басты бетЖаңалықтарЖайық өзенінің...

Жайық өзенінің деңгейі Тайпақ ауылы тұсында қауіпті шектен асып кетті

Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында қауіпті шектен (850 см) асып кетті.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, 4 мамыр күнгі сағат 08.00-дегі ақпаратқа сәйкес өзен деңгейі бір тәулікте 52 сантиметрге көтеріліп, 857 сантиметрге жетті.

Жайық өзенінің Батыс Қазақстандағы басқа гидробекеттерінде су деңгейі түсіп жатыр.

Оған қоса Бәйтерек ауданындағы Көшім каналында 779 сантиметрді (-34, қауіпті шегі — 800 см) көрсетті.

Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалиннің айтуынша, Тайпақ ауылы биікте орналасқандықтан, қауіп жоқ.

Тайпақ ауылы тұсында күн сайын су деңгейі 50 сантиметрге жоғарылағанымен, жағдай қалыпты. Сонымен қатар Базаршолан, Алмалы, Сарытоғай ауылы маңындағы жайылмаларға да су шығып, Атырауға қарай ағып кетіп жатыр, — деді Мұрат Сердалин.

«Жайықтехсервис» МКК директоры Тимур Мырзағалиев өзен бойында орналасқан су ұңғымаларын су басуына байланысты ауылдық округтерге ауыз судың тасымалданып беріліп жатқанын жеткізді.