Басты бетЖаңалықтарАлматыда қар...

Алматыда қар көшкіні жүру қаупі бар

«Қазгидромет» мекемесінің баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова еліміздің басым бөлігінде атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне орай күн райы құбылмалы болатынын айтты.

Бүгін түнде республиканың солтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) болуы ықтимал. Тек оңтүстік-шығыста, батыс пен оңтүстіктің жекелеген аудандарында күн жауын-шашынсыз болады. Республика бойынша екпінді жел соғып, оңтүстікте бұрқасын, оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады, солтүстік-батыста, солтүстікте, шығыста тұман түседі.

Алина Ысмағұлованың айтуынша, түнде шығыста Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ақмола облысының солтүстік-шығысында 1-6 градус аяз күтіледі.

Маңғыстау облысының басым бөлігінде (солтүстікте, шығыста, оңтүстікте), Атырауда (батыста, оңтүстікте), Қызылорданың орталығында, Қарағандыда (солтүстікте), Түркістанның оңтүстік-батысында, Ақтөбенің оңтүстігінде, Абай облысының шығысында, Ұлытау облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Спикер Алматыда қар көшкіні қаупі туралы ескерту жарияланғанын айтты.

2024 жылғы 2-6 мамыр аралығында Алматы қаласының Үлкен және Кіші өзендері бассейндерінде (2 700 метрден жоғары биіктік аймағында) жауын-шашынның көп түсуіне, биіктікте және қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты қар көшкіні қаупі сақталады. Қар көшкінінің пайда болу қаупіне байланысты тұрғындарды қарлы беткейлерге шығудан бас тартуға шақырамыз. Тауда сақ болыңыз, — деп қосты ол.