Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы Бурабай коттедж қалашығы аумағында лай сырғымасы түсті.
Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2 мамыр күні сағат 11.20-да ауа райының тұрақсыздығынан тау беткейінен топырақ көшкіні жүрді.
Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылы Бурабай коттедж қалашығы, Баянауыл көшесі №8 мекенжайына көлемі 30 текше метр топырақ өздігінен сырғып түсті. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.
Алматы облысы әкімдігі Бурабай коттедж қалашығы Баянауыл көшесіндегі №16 үйдің тұрғындарын көшкіннен қорғау мақсатында 2021 жылы биіктігі 4 метр және ұзындығы 144 метр тірек қабырға салынғанын жеткізді.
Осы тірек қабырға топырақ көшкінінің тоқтауына себеп болды, осылайша, адамдар зардап шеккен жоқ. Жылына екі рет көшкін қаупі бар кезеңде «Қазселденқорғау» ММ мамандары қауіпті учаскелерде тұратын тұрғындарға көшкіннің болу қаупі туралы хабарлама жібереді, — делінген хабарламада.
Көшкін салдарын жоюға «Қазселденқорғау» мекемесі, төтенше жағдайлар департаменті және «Қазгидроспецстрой» ЖШС мамандары тартылды.