Қазақстан Таиландпен визасыз келісімге қол қойды

Таиланд Корольдігі премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Парнпри Бахиддха-Нукараның шақыруымен Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Таиландқа ресми сапары өтті. 

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлер Қазақстан мен Таиландтың жаһандық саяси күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша, әсіресе Азия континентіндегі ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік салаларындағы ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті.

Мұрат Нұртілеу екі елдің сауда саласындағы өзара қызығушылықтың дәйекті өсуіне ерекше назар аударды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ол тарихи максимум 367 миллион АҚШ долларына жетті.

Таиланд – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріндегі ең ірі және сенімді серіктесі. Отыз жылдық берік дипломатиялық қарым-қатынастар барысында мемлекеттеріміз арасындағы тұрақты байланыстар жан-жақты және жемісті өзара іс-қимылға жол ашты, – деп мәлімдеді Мұрат Нұртілеу.

Тараптар іскер топтардың байланыстарын жандандыру және екі ел арасындағы тауарларды тасымалдаудың неғұрлым қолайлы жолдарын іздеу қажеттігіне назар аударды.

Туризм саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді, елдер арасында тікелей әуе рейстерінің саны өсіп жатыр. Мәселен, 2023 жылы Таиландқа 172 мың қазақстандық турист барды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары.

Сапар қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан үкіметі мен Таиланд үкіметі арасында ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды. Осы құжатқа сәйкес екі елдің азаматтары елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін бір-бірінің аумағында визасыз бола алады. Келісім тараптар мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаннан кейін күшіне енеді.