ТЖМ: Жайықтың деңгейі 9,5 метрге дейін көтерілуі мүмкін

Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш  өңірдегі ахуал күрделі екенін айтты.

Қазіргі таңда жағдай күрделі. Өйткені Жайықтың су деңгейі әлі көтеріліп жатыр. «Қазгидрометтің» мәліметінше, қазіргі деңгейі 8 метр 62 сантиметрге жеткен. Жалпы қауіпті деңгей – 8 метр 50 сантиметр. Демек, қауіпті деңгейден 12 сантиметр асып отыр, — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде.

Оның айтуынша, 25-26 сәуір күндері жағдай ушыға түсуі мүмкін.

Біздің облыс бойынша қауіптің беті әлі де қайтқан жоқ. Су деңгейі әлі де көтеріледі деген болжам бар. Орал қаласының тұсында Жайық деңгейі 25-26 сәуірде 9,5 метрге баруы мүмкін, — деді Нұржан Төлеуіш.