Бас қаладағы «Наурыз базары» қалай өтіп жатыр?

Астанада көктемнің лебі сезіліп келеді. Күн көзі шуақ шашып, оған қоса Наурыз базары жәрмеңкесі өтіп жатыр. Дәстүрлі өтетін мерекелік іс-шараға көршілес мемлекеттерден де шеберлер келді. Одан қала берді елордалықтарда шығыс асханасынан дәм тата алады. Наурызға орай ұйымдастырылған жәрмеңке келушілерге үш күн бойы есігін айқара ашады.

Халықаралық көрме орталығының алдында ертемен концерт өтіп жатыр. Жүргізушінің сөзіне сүйенсек, ән мен күй әзірге бітпейді екен. Орталық сахнада өнер көрсетіп жатқандарға көрермен де қолдау білдіріп, бірге ән салып, билеп жатыр. Сәл әрірек жүрсеңіз, будақтаған түтінді көресіз. Ол не деп бақсақ — шығыс тағамдарының фестивалі өтіп жатыр екен. Ондағы мерекелік дастарханда Наурыз көже, палау, бауырсақ және елорданың ең үздік мекемелері ұсынған басқа да тағамдар бар. Арқан тартыс, асық, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарсыз Наурыз өтсін бе? Қонақтар турнирге қатысып, мәре-сәре болып жатыр.

Басты іс-шара — көрме орталығының ішінде. Үш күндік жәрмеңкеге Қазақстан, Түркия, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Қырғызстан қолөнершілер келген. Олардың ішінде зергерлер, қыш шеберлері, керамика, тас және монета мамандары, кілем тоқушылар мен халық музыкалық аспаптарын жасайтындар бар. «Наурыз базары» жәрмеңкесіне қатысушылар этностильдегі киімдердің, зергерлік бұйымдардың, керамика, металл, киіз және жібектен жасалған заттардың, кәдесыйлардың жаңа топтамаларының таңдаулы нұсқаларын ұсынады», — дейді ұйымдастырушылар.

Жәрмеңкеде өнер туындысының түр-түрі бар. Түрікменстанның атақты кілемі керек пе, қыш құмыра керек пе, шыны ыдыс іздедіңіз бе — бәрін табасыз.

Насыр Лютфи — Иранның Исфахан қаласынан келген шебер. Өз елінде ЮНЕСКО-ның жүлдесін алған жалғыз қолөнерші. Бүгінгі жәрмеңкеге қалайы мен мыстан жасалатын галамзани кәдесыйларын әкелген. Бедерлеп өрнек салып, соғып жасайды. Әсіресе, бұл — Иранда ежелден келе жатқан өнер түрі. Аталған бұйымды істеуге шебер 1-4 ай аралығында уақыт жұмсайды екен. Қымбат болуы соған байланысты. Жәрмеңкеге әкелген бір бұйымының бағасын сұрағанымызда 750 долларға бағалады.

Қырғызстандық Нұрия Исакова паннолары мен көйлектерін әкелген. «Өзіме бұл өнер қанмен берілген деп ойлаймын. Анам да, әжем де тігінмен айналысқан. Менің жұмыстарымды үйлерін сәндеп үшін, интерьерді әдемілеу үшін алады. Бүгінгі жәрмеңкеге жан-жануарлар стиліндегі жұмыстар жасап келдім. Жібек, вискоза материалдарын араластырып істеймін. Ежелгі киіз технологиясын да, заманауи тәсілдерді де пайдаланамын. Жалпы алғанда түрлі бейне саламын. Қабырғаға іліп қоюға болады. Сұраныс аса жоғары деп айта алмаймын. Бірақ әр жұмыс иесін тауып жатады. Бұйымдарды істеуге 5-7 күн уақыт кетеді. Өз басым бір уақытта бірнеше панноны қатар істей беремін. Бірінің құрғатып қоямын да, екіншісіне кірісіп кетемін. Жұмыстарымның бағасы 300-500 доллар шамасында. Youtube арнамды жүргіземін, блогермін. Жақында монетизация қосылып қалады деп күтіп отырмыз. Жұмыстарымды сол жаққа салып отырамын», — дейді қырғызстандық шебер.

Түрікменстан өкілі Мәриям болса, күллі әлемге әйгілі кілемдерін таныстырды. Бұл кілемдер сапасы жағынан жоғары, өте тығыз тоқылатыны белгілі. Әлемдегі ең тығыз кілемдер — Түркіменстанда. Ресми өкілдің айтуынша, 1 шаршы метрге 300 000 түйіннен деп есептеледі екен. Осыдан-ақ, премиум сападағы бұйым екенін бағамдай беруге болады. «Шеберлеріміз көбіне кілемді үйден тоқиды. Орта есеппен 1-1,5 метр. Тоқуға 8 айдай уақыт кетеді. Ал бір алсаңыз, оны бір ғасырдан астам уақыт төсей бересіз» дейді Мәриям.

Жәрмеңкеде бұдан бөлек, өз өнімдерін, жұмыстарын таныстырып, сатуға қойған отандастар да көп. Солардың бірі — суретші Қайрат Жәйірбекұлы. Оның картиналары алыстан көзге түсті. Жақын барып, тілдестік. «Қазақстан суретшілері одағының мүшесімін. Қосымша қолөнермен айналысамын. Өзіме ойма жұмыс яки рельеф ұнайды. Жұмыстарым ұлттық, тарихи жанрда. Философиялық ойларды да сыйғызуға тырысамын. Одан бөлек, каллиграфиямен айналысамын. Әр әріпті әдемі жазып қана қоймай, онда мән болғанын қалаймын. Мәселен «Қазақ» сөзін еркін самғап, бауы босаған қыранмен өрнектеп жазған себебім — сол. Бедерлі мүсіндерді істеу күрделілігіне қарай әртүрлі уақыт алады. Шағындау болса, 1-2 апта отыруым мүмкін. Материалына келсек, ПВХ-дан жасалады. Алыстан темірге ұқсайтын себебі — фактурасын сондай қыламыз. Мектепте балаларға сабақ беремін. Ағаш кейде тапшы болады, әрі қауіптірек. Ал ПВХ болса, жұмыс істеуге оңай әрі қауіпсіз», — деп сырын бөлісті Қайрат Жәйірбекұлы.

Бұл көрме 23 наурызға дейін жалғасады. Қолөнер туындыларынан бөлек, отандық өндірушілер азық-түлік те сатып жатыр. Өнімдерді тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден алуға болады. Ортада алып-сатарлар болмағандықтан, әжептәуір арзандау бағаға ала аласыз. Еліміздің әр өңірінен келген фермерлер азық-түлік жәрмеңкесіне 200 тоннадан астам өнім, оның ішінде ет және сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, бал және т.б. әкелген.