«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде елдің басым бөлігіне жауын-шашынсыз күндер келе жатқанын айтты.
Республикамыздың басым бөлігі ауқымды антициклон әсерінде болғандықтан жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Тек солтүстік пен шығыста, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында күндіз атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты жаңбыр жауып, шығыс пен оңтүстікте найзағайлы жаңбыр сақталады. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-батысында шаңды дауыл, шығыс пен орталықта, солтүстік-батыста түнгі және таңғы сағаттарда, тұман күтіледі, — деді мекеме өкілі.
Дегенмен елдің екі өңірінде тасқынмен байланысты дабылды ескерту сақталып отыр.
19–22 сәуір аралығында Шығыс Қазақстан және Абай (Жарма және Көкпекті аудандары) облыстарында күннің жылынуы, 19-20 сәуірде жаңбыр болжанып отырғандықтан, орта деңгейдегі таулы аймақтарда қардың қарқынды еруіне байланысты, беткейлерден су жүріп, өзендердің арнадан асуы мүмкін. Осының салдарынан автожол мен теміржолдар, елді-мекендер мен шаруашылық нысандарын су басуы ықтимал. Ақмола облысыда Нұра өзенінің Қорғалжын ауылындағы гидрологиялық бекетінде су деңгейіәлі көтеріліп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша су деңгейі қауіпті деңгейден 5 сантиметр (қауіпті деңгей — 700 см) асқан. Су Қорғалжын ауылындағы көпір арқылы ағып жатыр. Су деңгейі одан әрі көтерілетін түрі бар, — деді Алина Ысмағұлова.