Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 2 994 саяжай үйі су астында қалды. Бұл туралы БҚО төтенше жағдайлар дапартаменті хабарлады.
Баспасөз қызметінен мәлімінше, Орал қаласының төңірегіндегі саяжайлар Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің жайылмаларында орналасқан. Жайық өзені бойынша секундына 3 мың текше метр су келіп жатыр.
Су тасқыны басталғаннан бері 13 732 адам эвакуацияланса, соның 5 703-і – балалар. Эвакуациялық пункттерде 2 300 адам орналасса, соның 1 062-сі – жеткіншектер. 11 432 адам туыстарына барды. Облыс бойынша 4 915 бас мал қауіпсіз жерлерге айдалды. Барлығы 1 миллион 020 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 844 мың дана қапшық және 5 857 мың тонна инертті материал төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 507 адам, 1 201 техника, 196 су сору құралы, 101 дана жүзу құралы және үш тікұшақ жұмылдырылған. Апаттық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін жеті өңірден қосымша күш-құралдар тартылды, — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда Орал қаласында Перевалочный тоғайы, Коминтерн, Курени ауданы, әуежай, теміржол вокзалы, жас натуралистер станциясы, Жайық өзеніндегі көпір тұсына ерекше көңіл бөлінуде.