Жар Зардыхан – тарихшы, саясаттанушы, QALAM жобасының бас редакторы. Орталық Еуразия және Таяу Шығыс елдерінің тарихын зерттеуші. Түркия, Мажарстан және Германия университеттерінде тарих, халықаралық қатынастар және әлеуметтік антропология бойынша білім алған. 2008-2020 жылдар аралығында КИМЭП университетінің халықаралық қатынастар және аймақтану факультетінде сабақ берді.
Біз Жар Зардыханмен әлемге Қазақстанның көзімен қарау, деколонизация жолындағы тілдің маңызы, еуропацентристік жүйе туралы сөйлестік.
– Жар, сіз бас редактор болып отырған QALAM жобасы не жайлы? Қандай мақсатты көздейді?
– Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда, қазақ қоғамында тарихқа қатысты жаңа көзқарасқа деген сұраныс бар. Ол сұранысты қанағаттандыратын жұмыс істеліп жатыр. Әсіресе ғылыми шығарылым көп. Бірақ мұның бәрінің аудиториясы тарлау, ғылыми еңбектер мен конференциялар болмаса, басқа жерде көп сөз бола бермейді. Өзім де ғылыми ортадан келген адаммын, сондықтан жақсы білемін.
Осыны саралай келе тарих саласын, тек тарих емес, мәдениетті, әдебиетті, өнерді қызық, халыққа жақын, эстетика мен дизайн тұрғысынан мұқият және сапалы ойластырылған форматта ұсынатын жоба ретінде Qalam-ды бастап кеттік. Бұл жерде, Qalam-ның тек Қазақстан немесе Орталық Азия тарихына арналмағанын, әлемдік тақырыптарды сөз қылатынын және ол ақпаратты оқырманға қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде ұсынатынынын айта кету керек.
– Қазақстан мен Орталық Азия туралы ақпаратты ағылшын тілінде басқа елдерге жеткізу, ал басқа мемлекеттердің тарихын қазақ тілінде жергілікті аудиторияға әңгімелеп беру десем, жобаның мақсатын жеткізе алам ба?
– Жоқ, шетелдік оқырманға біздің аймақты таныстырып жіберсек немесе қазақтарға басқа ел туралы айтып берсек деген шектеулі мақсатымыз жоқ. Бастысы, таңдалған тақырыпқа (ол мейлі Африка немесе Еуропа тарихы, мейлі қазақ халқының өткен дәуірі туралы болса да) Қазақстан мен Орталық Азияның көзімен қарайтын контент тудыруды көздейміз.
Жалпы, біздің тарихқа қатысты қазақ тілінде жазылған керемет материалдар бар. Бірақ олар ағылшын тілін былай қойғанда, орысша да кездесе бермейді. Сондай-ақ, мысалы, Латын Америкасы немесе ортағасырлық Еуропа жайлы мәліметтерді қазақша сирек ұшырастырамыз. Контент жасауда Қазақстанға осы екі бағыттың екеуі де қажет.
– Тақырыпқа Қазақстан мен Орталық Азия тұрғысынан қарау дейсіз. Бұл не үшін маңызды? Біз онсыз да солай қарап жүрген жоқпыз па? Әлде өзіміз сезбей, әлемді басқаның дүниетанымы арқылы қабылдаймыз ба?
– Тарих кейінгі ғасырларда еуропацентристік тұрғыдан дамып жатыр. Ол әлеуметтануға да, терминологияға да, басқадай ғылым бағыттарына әсер етіп отыр. Сіз де, біз де «Таяу Шығыс» дейміз, бірақ ол аймақ бізге мүлдем «таяу» емес. «Орта Азия» деген де осының бір мысалы – колониалдық, империялық көзқарас контексінде қолданылған ұғым.
Тағы бір дерек айтайын. «Аустралия күні» деген мереке бар. Ағылшындардың континентке алғаш келуін атап өтеді. Қазіргі кезде сынға ұшырап жатыр. Неге? Себебі бұл атаулы күн «ақ адам игергенге» дейін Аустралия бір бос жатқан, ешкім тұрмаған жер болған дегенді меңзейді. Шын мәнінде, ағылшындарға дейін оның жергілікті халқы болды емес пе? Өз тарихы, мәдениеті бар дегендей. Осы секілді тарих санағы «еуропалық адам» келген сәттен басталатын ел мен жер жетерлік.
Мұндай дүние көп. Әбден әдет болып кеткендіктен, байқай бермейміз. Бірақ әлемдегі өткен-кеткен, болып жатқан процестерге Қазақстан мен Орталық Азия көзқарасы тұрғысынан қарау маңызды. Жалпы, өзінің, тек өзінің емес, өзгелердің тарихын өзі жазбаған ел келешекте басқалардың жазғанына мұқтаж болады.
– Ақпаратты қазақ тілінде де береміз деп айттыңыз. Бұрын отар болған, қазір өз-өзін тану жолына түскен Қазақстан үшін тілдің рөлі қандай? Әлде қазақша-орысша сөйлегеніміз маңызды емес, бұл факторға байланбай-ақ бұрынғы метрополиядан іргемізді ажыратып ала аламыз ба?
– Рас, өз тілі жоқ мемлекет баршылық. Бельгияны мысалға келтіруге болады. АҚШ-тың да өз «АҚШ тілі» қалыптаспаған. Аустрияны да атай аламыз. Араб тілінде сөйлейтін елдер Мароккодан бастап былай қарай талай аумақты алып жатыр. Бірақ біз бұл санаттан емеспіз. Жеке ел болмай тұрып-ақ өз тіліміз болды. Сондықтан бұл фактордың маңызы өте жоғары және солай болып қала береді.
Тілі бар ел сол тілді тек дамытып, қорғап қана қоймайды. Өз тілінде ақпарат-мәлімет береді және оны бақылап отырады. Осы тұрғыдан тіл – ықпал етудің және ақпараттық орта қалыптастырудың құралы.
Жалпы, тәуелсіздіктің 30 жылы тарих үшін көп уақыт емес. Тарихқа қарап, егемен болған сәтте тіл мәселесіне ұшыраған мемлекеттердің тәжірибесін саралай аламыз. Чех, мажар, фин тілдері кезінде қолданыс аясы тар болған, алайда уақыт өте келе толық дамып, саяси-әлеуметтік өте ықпалды күшке айналды. Қазақстанның демографиялық сипаты өзгеріп келеді. Сондықтан бұл – тек уақыт тәртібінде тұрған мәселе. Бірақ бізге қазір осы болашақ үшін қазақ тілінде контент жасай беру керек. Мейлі ғылым, мейлі көңіл көтеретін мәлімет, мейлі техникалық бағытта – әр салада ақпаратты көбейтіп, мағлұмат көлемін кеңейту қажет.
Қазақ тілі дамиды, дамымай қалуы мүмкін емес, тек соған үлесімізді қосып үлгергеніміз жөн.
– Сіз айтқан еуропацентристік көзқарас бүкіл әлемге таралып кеткен бе? Әлде әлем туралы қалыптастырған өз түсінігі бар, басқаша парадигмада өмір сүретін елдер кездесе ме?
– Негізі, Еуропаның колониясы болмаған ел жоқтың қасы. Латын Америкасы мен Африка солайымен, Азия жаппай отар болды. Біз, мәселен, Ресейдің қол астында қалдық. Батыстың ықпалына ұшырамаған мемлекетті кездестіре алмайсыз. Біз әңгімелесіп отырған 2024 жылғы сәуір айы деген жыл санағы жүйесінен бастап шоу-бизнес, оқу жүйесі, үкімет құру сипатына дейін бәрі – Батыс Еуропаның жасаған жұмысының нәтижесі. Тіпті модернизм деген тұжырымдаманың өзі сол Еуропаға ұқсау деген білдіреді.
Көп адам «Қытай дамып жатыр, экономика мен технология тұрғысынан озып кетті» дейді. Бірақ көшедегі адамды тоқтатып, «Қытай жазушысын немесе футболшысын яки әншісін білесің бе?» деп сұрасаң, нақты жауап беруі екіталай. Бірақ Жастин Бибер мен Тейлор Суифті, Роналду мен Роулиңді сол сәтте атай алады.
Батыс Еуропа пен АҚШ жүйесінің өмірдің әр бағытына дендеп енгені сондай, бұл парадигмада өмір сүріп жатқанымызды өзіміз сезе бермейміз. Еуропацентристік жүйені бұзу оңай емес. Ол үшін өте көп уақыт өтуі керек және осы уақыт бойы басқа елдер өз контентін өндіруге тиіс.
Сонымен қатар бір қарағанда мызғымастай көрінетін кей дүниенің өзгеруі мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Тарихқа қарасақ, Батыс Еуропа кейінгі бірнеше ғасырда ғана әлемді жаулай алды. Оған дейін шеткері аймақтың бірі болған. Ал өркениеттің ортасы болған, жоғалмастай көрінген Африкадағы, Азиядағы кей мемлекет қазір елеусіз ғана елдерге айналды.
– Ресейдің Қазақстанға ықпалы қалай өзгереді? Бұл сұрақты саяси-экономикалық жағын айналып өтіп, таза тарих-мәдени тұрғыдан қарастыра аламыз ба?
– Жоқ, бұл түсініктерді бөле-жара қарастыруға болмайды. Елдің экономикасы тұрақты дамыса, саяси тұрғыдан ашық, дамыған болса, соған орай медиа да, технология да, идеология да, басқасы да өзгереді.
Ресейдің ықпалы азая береді деп санаймын. Қазіргі геосаяси жағдай бұл процесті тіпті жылдамдатып жіберді. Оған көршіміздегі халық санының қысқаруын, экономикалық тұрғыдан әлсіреуін қосыңыз. Ал Орталық Азияның әлеуеті арта беруге тиіс.
– Енді Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан әлемдік сахнада қандай рөл ойнайды? Шеткері қала береміз бе, әлде «қайта жаңғырамыз» ба?
– Саясаттанудың бір теориясы бойынша мемлекеттер ядролық және периферия болып бөлінеді. Ядролық болу үшін экономиканы дамыту керек, технологияны қолға алу қажет және медиаконтентті, жалпы ақпарат бағытында көшбасшы болған жөн. Олай етпеген жағдайда, ел периферияда қалады.
Жақсы бір мысал – Оңтүстік Корея. Кезінде периферия болған, кедей, артта қалған, ауыл шаруашылығымен ғана өмір сүрген ел. Экономикасын тұрақты етті, технологиясын дамытты. Қазір поп-мәдениет, эстетика, сән секілді салаларға дендеп еніп жатыр.
Орталық Азия сондай бір кішкентай өңір емес. 80 миллионға таяу халқы бар және оның өсу темпі жоғары. Бастысы, аймақтағы мемлекеттер арасында бірлік болуы қажет. Ғылымға, технологияға ашылып, ой еркіндігін дамытсақ, дұрыс инвестициялар жасасақ, Орталық Азия полиорталық форматындағы әлемнің маңызды аймақтарының біріне айнала алады.
Димаш Зиядин