Су тасқыны басталғалы бері 108 мыңнан астам адам құтқарылды

Тасқыннан кейін 11 950 адам үйлеріне оралды. Уақытша орналастыру пункттеріне 7 444 адам, оның ішінде 3 111 бала орналасқан.

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. 

9,4 миллион текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 2,1 миллион қапшық және 1,2 миллион тонна инертті материал төселді.

Бүгінгі күні авариялық-құтқару жұмыстарында 32 963 адам, 3 798 техника, оның ішінде, 764 су сору құралы, 255 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылған.

«Жедел желі» телефонына 1 714 қоңырау түсті, 126 психологтар зардап шеккен адамдарға психологиялық көмек беріп жатыр.

Осы сағатта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4 898 жеке тұрғын үй, 1 542 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалды. 3 504 тұрғын үй мен 2 078 аула аумағынан су бұрылды.

Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының елді мекендерінде халықты эвакуациялау жүргізілді. Эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр, – деді азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Республикалық ақпараттық штабта өткен брифиңде.

Спикер еліміздің сегіз өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 төтенше жағдай әрекет ететінін еске салды.