Еліміздің 8 өңірінде жергілікті ауқымда ТЖ жарияланған

Су тасқыны басталғалы бері 107 мыңнан астам адам құтқарылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш айтып берді.

Су тасқыны басталғалы бері 107 119 адам, оның ішінде 38 457 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Уақытша орналасу пунктеріне 7 414 адам, оның ішінде 3 173 бала орналасты, — деді Е. Сайпаш Республикалық ақпараттық штабта өткен брифиңде.

Сонымен бірге 9,3 миллион текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,9 млн қапшық және 1,2 миллион тонна инертті материал төселді.

Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарында 35 339 адам, 4 мыңнан астам техника, 14 әуе кемесі жұмылдырылды.

Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4 870 жеке тұрғын үй, 1 264 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалуда. 3 мыңнан астам тұрғын үй мен 2 мыңға жуық аула аумағынан су бұрылды, — деді спикер.

Еліміздің сегіз өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 ТЖ жағдайы жарияланған.