Ақордада өтіп жатқан ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аударды.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кейінгі жылдары ғылым және орта білім саласында табысты реформалар жасалды. Бірақ тың өзгерістер жоғары оқу орындарынан кадрлардың кетуіне әкеп соқтырды. Ғылыми атағы бар білікті оқытушылар жалақысы көп мектептерге және ғылыми ұйымдарға ауыса бастады. Бүгінде университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40%-тен сәл асады. Бұл үрдіс докторант пен магистрант қана емес, бакалавр даярлаудың сапасына да кері әсер етеді. Құзырлы министрлікке нақты шара қабылдауды тапсырамын, — деді мемлекет басшысы.
Осы ретте президент университеттегі кадр тапшылығы ғылыми жұмыстардың деңгейіне теріс ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткіші өте төмен. 100 балдық жүйенің бір балынан да аспайды.
Университет ғылымында қордаланған мәселелер аз емес. Беделді халықаралық рейтингтерде көрсеткіштердің төмен болуы – соның бір көрінісі. Жағдайды түзеу үшін кешенді шараларды дереу қолға алу керек.
Жоғары оқу орындарының кемшін тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сонымен бірге өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді.
Жалпы университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек. Сондықтан үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.