Созылмалы бүйрек ауруы (СБА) — түрлі бүйрек ауруын біріктіретін жиынтық түсінік. ДДСҰ мәліметінше, әлемде 840 миллион адам СБА-дан зардап шегеді. Ал Қазақстанда әрбір оныншы адамда осы кесел кездеседі. Алайда тек жеті адамның біреуіне СБА диагнозы қойылады.

11 сәуірде Алматыда нефрология, эндокринология мен терапия саласының жетекші мамандары бас қосқан баспасөз конференциясы өтті. Дәрігерлер СБА статистикасын ұсынып, жұртшылықты бүйрек ауруларына бей-жай қарамауға шақырды.

Сарапшылардың айтуынша, созылмалы бүйрек аурулары симптомсыз дами беретіндіктен, кесел де тым кеш анықталады. Көп жағдайда адамдар гемодиализ, аптасына кемі үш рет 4-5 сағаттық қан тазарту процедурасы немесе бүйрек трансплантациясы қажет болған кезде кәсіби көмекке жүгінеді. Мәселені бұған жеткізбеу үшін дәрігерлер СБА-ны ерте диагностикалау маңызды екенін айтады.

Абай Шепетов. Фото: AstraZeneca

Бүгінгі таңда тоғыз мыңға жуық қазақстандық азамат гемодиализ процедурасын алады. Мұндай науқастардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл ретте Қазақстанда бейінді мамандардың тапшылығы туралы айтқан жөн. Халық арасында кеселдің таралуы жоғары болып тұрғанымен, елімізде бар-жоғы 400-ге жуық нефролог бар. Созылмалы бүйрек ауруы бес кезеңнен тұрады. СБА-ның еш белгісіз дамитынына байланысты пациенттер дәрігерге аурудың кеш кезеңдерінде жүгінеді. СБА-ның диагнозын ерте сатыда, ең болмағанда үшінші немесе төртінші сатысында анықтасақ, гемодиализді уақтылы терапияның көмегімен кейінге шегеруге болады, — дейді С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нефрология кафедрасының меңгерушісі, Алматы қаласы бойынша нефрологиялық көмек координаторы Абай Шепетов.

Ерте диагностикалау үшін дәрігерлер жылына бір рет қан құрамын тексеру үшін анализ тапсырып тұруға кеңес берді. Ал қант диабеті, артериялық гипертензиясы бар адамдар бұл талдауды жылына кемі екі рет тапсырғаны жөн. Себебі мамандар СБА дамуының қауіп факторлары саналатын аурулар ішінде ең көп тарағаны – артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы), жүрек-қан тамырлары аурулары, отбасылық анамнездегі СБА және қант диабеті дейді. Артериялық гипертензиямен ауыратын әрбір үшінші науқаста СБА маркерлері болады.

Пациентке қант диабеті, артериялық гипертензия диагнозы қойылса, туыстарында СБА болса, креатининге қан анализін тапсыру қажет. Бұл сізде СБА-ның бар-жоғын білудің негізгі жолы. Мұндай талдауды терапевт тағайындайды, — дейді С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының доценті Дина Қапсұлтанова.

Фото: AstraZeneca

Бүйрек трансплантациясын жасатқан пациент Анар Шаймергенова да бүйрек ауруларына ұшырамас үшін оның алдын алудың маңызы зор екенін айтып өтті. Ол аурудың айқын белгілері болмайтындықтан, адам тек салауатты өмір салтын ұстанып қорғана алады дейді.

Күнделікті спортпен шұғылдану, көп қимылдау, дұрыс тамақтану — бар керегі осы ғана. Бүйрек — ағзамыздағы негізгі фильтр. Не жесек те, не ішсек те, әуелі ең зиян ферменттерді сол бүйрек сіңіріп алады. Сондықтан газдалған сусыннан, ішімдік пен темекіден мүлдем бас тарту қажет. Бүйрек солса, ағзаның басқа бөліктеріне де кері әсер етеді. Менің жолым болып донор табылып кетті. Бірақ ол тек Беларусь Республикасынан табылды. Операция құны 72 мың доллар болды. Оны да әлеуметтік желі арқылы жинадық. Бірақ бұлай ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс сияқты, — дейді ол.

2024 жылғы наурыздағы жағдай бойынша, бүйрек трансплантациясына кезекте шамамен 3600 Қазақстан азаматы тұр. Олардың 80-нен астамы – бала. Ағзаларды трансплантациялауды күту тізіміндегі пациенттердің 90%-ке жуығы бүйрек трансплантациясын қажет етеді. Қалған 10%-і — бауыр, өкпе және жүрек ағзалары трансплантациялауды күтіп жүрген азаматтар. Сарапшылар олардың бәрінің кезегі жеткенін күтуге денсаулығы жарамайтынын айтады.