Абай Жамалиев — блогер. Әлеуметтік желіге балаларына тамақ жасап жатқанын, үй шаруасын атқарып жүргенін жариялап отырады. Ол “Отбасына қатысты шаруаның бәрі – ерлі-зайыптының ортақ ісі” дейді.
Baribar.kz Абай Жамалиевпен “Қазіргінің күйеуі қандай болуы керек?” деген тақырыпта әңгімелесті.

Абай Жамалиев 29 жаста, Көкшетауда тұрады. Әйелі Айымгүл екеуінің отау құрғанына жеті жыл болды. Екі ұлы бар: бес жасар Әмір және үш жасар Әзім. Қазір ол әлеуметтік желіде әйеліне үй шаруасына көмектескен видеолары арқылы танылды.

Көпбалалы отбасында өстім: төрт ұл болдық, кенжесі едім. Сол себепті үйдің барлық шаруасы менің мойнымда болды. Кейін қарындасым дүниеге келді. Мен де “қыз бала дүниеге келді, шаруаның бәрін енді сол істейді” деп ойладым. Бірақ ол жалғыз әрі кішкентай қыз болған соң, еркелетіп өсірдік. Бәріміз “қазір ештеңе істемей-ақ қойсын. Ертең келін болған соң күнде істейді” деп жұмысқа салмадық. Сөйтіп кішкентайымнан ата-анама көмектесіп өстім, – дейді Абай.

Абай Жамалиев
Фото жеке архивінен

Абай да, әйелі Айымгүл де жұмыс істейді. Абай — Ақмола облысындағы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігі ұйымының төрағасы, ал әйелі — кәсіпкер. Ал үй шаруасымен, бала тәрбиесімен екеуі де айналысады. Абай да ыдыс жуады, тамақ пісіреді, қамыр жаяды, үй жинайды және тағысын тағы. Оның айтуынша, отбасында бұл шаруалар екі тараптан өздігінен істелінуі керек.

Айымгүлді ұзатып алған соң, ауданнан маған жұмыс ұсынды. Оны қабыл алып, бірден сол жаққа екеуіміз көшіп кеттік. Осылай, жаңа әрі жас отбасы атандық. Түрлі пәтерде тұрдық, түрлі қиындықты бірге көрдік. Сондықтан бір-бірімізге «мен ыдыс жуамын, сен тамақ пісіресің» немесе «мынау ердің, ал мынау әйелдің жұмысы» деп бөліп отырмадық. Алдымызға «барлық шаруаны тең атқарамыз» деген міндет те қоймадық. Кімнің қолы бос немесе мүмкіндігі болса, істей береді. Себебі екеуіміз де бұл отбасыны өз қалауымызбен саналы түрде құрғанымызды түсіндік, — дейді ол.

Абай Жамалиев
Абай мен Айымгүл. Фото жеке архивінен

Қазір Абай мен Айымгүл үшінші сәбиін күтіп жүр. Сол себепті Абай көп шаруаны өзі істейтінін айтады.

Келіншегім — өте шаруақор адам. Бұрын «үйленген соң, әйелім көп нәрсе үйренуі керек болса, біршама уақыт ата-анаммен тұрамыз, анам біразын үйретеді» деп ойлайтынмын. Бірақ біз бірден бөлек тұрдық. Себебі анам Айымгүлді бұрыннан танитын. Оның үй шаруасына ұқыпты әрі таза екеніне, менің қарным тоқ, көйлегім бүтін болатынына сенімді болды. Оның үстіне, әйелімнің де, менің де қолымнан көп шаруа келді. Ал қазір әйеліме жүріп-тұрудың өзі қиын екенін түсінемін. Сол себепті зайыбыма ауырлық түсірмеуге тырысамын, — дейді ол.

Абайдың айтуынша, әйелі екеуі кез келген отбасы мәселесін бірге ақылдасып, шешіп отырады. Отбасымыздың негізгі құндылығы — бір-бірімізді түсініп, тыңдағанымызда дейді.

Меніңше, бірін-бірі еститін, тыңдайтын, түсінетін отбасында береке болады. Әрине, әйелім мені «ер азаматым» деп сыйлап тұрады. Отбасылық мәселеде соңғы шешімді мен қабылдаймын. Десе де оған дейін әйеліммен ақылдасып, оның пікірімен санасамын, — дейді ол.

Абай Жамалиев
Абай Жамалиев. Фото жеке архивінен

Абай бала тәрбиесі де тек әйелдің емес, ерлі-зайыптың ортақ ісі екенін айтады.

Ер адам да бала қарап, оны киіндіріп, жуындырып, балабақшаға, мектепке апарып-әкеліп, тәрбиесімен айналысуға тиіс. Себебі ол да — сенің балаң. Оның үстіне бала айтқаныңды емес, көргенін істейді. Мәселен, ұлдарым ыдыс жуғанымды көріп, мен болмасам да өздері анасына көмектесіп тұрады, — дейді ол.

Абай Жамалиев
Фото жеке архивінен

Қазір Абай бос уақытында отбасы тақырыбында түрлі контент түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап жүр. Бүгінге дейін біраз оқырман жинап үлгерген.

Өзім қалжыңбас адаммын. Мектеп кезінен КВН-да ойнадым. Әлі күнге дейін әзіл-оспаққа, қалжыңға жақынмын. Бірде видео-контент түсіргім келді. Дегенмен ұзақ уақыт бойы мемлекеттік қызметкер болып істегендіктен, сәл қиынға түсті. Ыңғайсыздандым, жұрт «сайқымазақ» деп дұрыс түсінбей қала ма деп ойладым. Бірақ кейін бұл таптаурындарды жеңдім. Жұрттың пікіріне, сөзіне мән бермей, өз қалағанымды істегенді жөн көрдім. Сөйтіп отбасы құндылықтары туралы әзілге толы видеолар түсіріп жүрдім, — дейді ол.

Кейін ол өзінің үйдегі күнделікті тірлігін түсіре бастапты.

Бірде әйелім «Маған үнемі көмектесіп жүресің, осының бәрін видеоға түсіресің қайтеді?» деді. Сөйтіп, сол сипаттағы видеоны жарияладық. Видеомыз көп қаралды, адамдар түрлі пікір жазды. Бірі «жарайсыз, Мұхаммед пайғамбар да әйеліне көмектескен» деп қолдаса, енді біреулер «өкшеқұл, еркектің ісі емес» деп жазды. Жағымсыз пікірді көбіне үлкен жастағы әйелдердің жазатынын байқаймын. Меніңше, олар — бұрыннан қалыптасқан менталитетті ұстанғандар. Десе салттың да, менталитеттің де ескіргені болады ғой. Олар осы жағдайын, өзін өзгерткісі келмейтін сияқты. Тіпті бір адам «сенің видеоларыңның кесірінен әйелім екеуіміз ажырасып жатырмыз» деп жазды. Ол адамның айтуына қарағанда, көбінің әйелі «жұрттың байы» деп менің видеоларымды көрсетеді екен. Содан ұрыс шығады-мыс. Әрине, ауыр пікірлерді естіген қиын, десе де оған мән бермеуге тырысамыз, — деді ол.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от АБАЙ ЖАМАЛИЕВ / г.Кокшетау (@zhamaliev_abai)

Абайдың айтуынша, қазіргі ер адамның, күйеудің бәрі жаман деп те айтуға болмайды. Себебі ерлер көбіне «отбасын асырау», «ақша табу» сияқты  істерге бас қатырады да, үйдің ішіндегі тірлікті ұмытып кетеді. Десе де әйелін қолдайтындар да бар екенін айтады.

Абайдың айтуынша, оның әйеліне көмектескені, үй шаруасымен айналысқаны үлгі ететін емес, әрбір адам істеуі керек күнделікті қалыпты жағдай болуы керек. Ол өзінің контенті арқылы осыны және отбасы құндылығын дәріптегісі келеді.

Біріншіден, сенің әйелің — біреудің мәпелеп өсірген қызы, екіншіден, ол — сенің балаларыңның анасы. Үшіншіден, әйелің — сенің таңдаған жұбың әрі жолдасың. Сенің отбасыңның ұйытқысын сақтап отырған адам. Сол себепті ерлі-зайыпты бір-бірін қолдағаны жөн, — дейді Абай Жамалиев.

***

Тағы оқыңыз:

Үлгілі әке Дарын: Ұлымның диагнозы мені түбегейлі өзгертті