Басты бетЖаңалықтарҚуандық Бишімбаевтың...

Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары сот залына кіргізілмеді

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қуандық Бишімбаевқа тағылған айып бойынша қылмыстық істі қарауды жалғастырып жатыр.

Бүгін экс-министрдің адвокаттары Лейла Рамазанова мен Назкен Кусайынова сот отырысына кешігіп келді.

Сот отырысы басталмас бұрын Қуандық Бишімбаев судьядан қорғаушыларын күтуді сұрады. Бірақ судья Айжан Кулбаева өтініштен бас тартып, сот отырысы жалғасты.

Судья кеше басталған қылмыстық іс материалдарын зерделеуді жалғастыруды ұсынды. Кейін сотталушының тағы бір қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов әріптестерінің сот ғимаратына келіп, есік алдында күтіп тұрғанын айтты.

Олар сот залына кіруге рұқсат сұрап жатыр, — деді адвокат судьяға.

Алайда судья Айжан Кулбаева екі адвокаттың да үзілістен кейін кіре алатынын айтып, қарсылық білдірді.

Бұған дейін өткен сот отырыстарында тараптарға сот отырысына кешікпеу туралы бірнеше рет нұсқау берілген. Бұл — сот, онлайн-трансляция жүріп жатыр. Осы кезеңде сот отырысы 9.30-да басталатынын біліп, қорғаушылар кешігіп қалды. Осы себепті қазір кіргізілмейді. Өтінемін, сот үзіліс жасағанда, олар сізге қосыла алады, — деді судья.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі Астана сотына жіберілген болатын. Оған екі бап бойынша айып тағылып отыр. Олар:

  • Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру қазаға ұшырату (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру);
  • Ал Бақытжан Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша айыпталып отыр.

Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.