Астанада жыл басынан бері 1 400-ге жуық жарнамалық маңдайша бөлшектелді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада қаланың сыртқы келбетін «Жарнама туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР заңдарының талаптарына сәйкес келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
2024 жылдың басынан бері барлық аудандағы ғимараттардың қасбеттерінен 1 400-ге жуық жарнамалық элементтер бөлшектелді. Елорданың бірыңғай сәулеттік-көркемдік келбетін жүзеге асыруды Астана әкімдігінің «Астана-Жарнама» КММ жүзеге асырады. Мекеме сонымен қатар қала аумағында орналасқан сыртқы (көрнекі) жарнамаға мониториң жүргізеді. «Астана-Жарнама» КММ қызметкерлері аудандық әкімдіктермен бірлесіп, сәулет стилінің негізгі параметрлеріне сәйкес келмейтін көрнекі ақпарат (маңдайшалар мен жарнама) элементтерін түсіндіру және бөлшектеу бойынша көшпелі іс-шаралар өткізеді, — делінген хабарламада.
Кәсіпкерлермен түсіндірме әңгімелер жүргізіледі, маңдайшаларға қойылатын талаптарды, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру тәртібін сипаттайтын буклеттер беріледі.
2024 жылдың басынан бері ғимараттар мен құрылыстардың 200-ден астам қасбеттеріне көзбен шолып тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша 830-дан астам маңдайша және талаптарға сәйкес келмейтін сыртқы (көрнекі) ақпараттың 550-ге жуық элементтері бөлшектелді. Мекеме қызметкерлері 1 600-ге жуық кәсіпкерлік субъектісін қабылдады, оларға ғимараттардың (құрылыстардың) қасбеттерін сәулеттік-көркемдік безендіру мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманың талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілері белгілерінің 742 эскизі қаралды, — делінген хабарламада.