СҚО-да Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысы Тоқсан би ауылының маңында Есіл өзені бір тәулікте 119 сантиметрге көтерілді. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК СҚО филиалы хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнның Тоқсан би ауылының маңынан өтетін Есіл өзенінің деңгейі кейінгі екі-үш күнде 3 метрден артық көтерілген. Бұл жерде мұз көтеріліп, қозғалды.

Есіл өзені төмен қарай Шал ақын ауданының Крещенка елді мекенінің маңында бірден 30 сантиметрге көтерілді. Мұнда су мұз үстіне шықты. Покровка елді мекені маңында 11 сантиметрге, Долматово ауылының жанында өзеннің су деңгейі 14 сантиметрге өзгерген.

Сергеев су қоймасында да өзгеріс бар, бір тәулікте 19 сантиметрге артып, күн жылынғалы су деңгейі 43 сантиметрге көтерілген. Қазір бөген 89% толық.

Өңірдегі шағын өзендердің де суы көтеріліп келеді. Мәселен, Возвышенка елді мекені маңындағы Ақанбұрлық өзенінің деңгейі бір тәулікте 29 сантиметрге, наурыз айының соңынан бастап 2 метрге толыққан. Бірақ әзірге қауіпті деңгейге жеткен жоқ, — делінген хабарламада.