ТЖМ: 4 облыстағы өзендерде су деңгейі жоғарылауы мүмкін

Төрт облыстағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады. Бұл туралы үкімет отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты.

Су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониториң жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады. Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде үлкен қар көлемі жатыр. Бұл өңірлерге қажет болған жағдайда министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылады, — деді Бауыржан Сыздықов.

Оның айтуынша, тәулік бойы қалыптасқан жағдай туралы азаматтарды хабардар ету және ақпараттандыру жүзеге асырылады. Зардап шеккендерге психологиялық көмек беру үшін сенім телефондары жұмыс істейді.

Әкімдіктер алгоритм бойынша іс-шараларды орындау қажет. Су тасқыны мен оның салдарын жою министрдің үйлестіруімен жалғасып жатыр. Күштер мен құралдар авариялық-құтқару жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр, жедел ден қоюға және міндеттерді орындауға дайын, — деді вице-министр.