Шымкентте пара алған және бюджет қаражатын жымқырған аудан әкімдігінің қызметкерлері сотталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот отырысына жемқорлық жасады деп айыпталған мемлекеттік қызметшілердің ұжымы қатысты.
Биыл 1 сәуірде Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Е. Тіленшинге, осы әкімдіктің бас маманы А. Балқыбековке, сонымен қатар мердігер ұйымның өкілі А. Манатқа қатысты үкім шықты. Олар 11, 10 және үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, — делінген хабарламада.
Соттың мәліметінше, айыпталғандар жасаған «қамқорлығы» үшін кәсіпкерден пара алған.
Мегаполисті абаттандыруда мемлекеттік сатып алу келісім шартын орындау кезінде кәсіпкерден «қамқорлығы» үшін 60 миллион теңге мөлшерінде пара алған, сонымен қатар зираттарды күтіп ұстауға бөлінген 28 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырған, — дейді антикор.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.