Ақтөбеде Сазды өзені көтеріліп жатыр: тұрғындар эвакуацияланды

Ақтөбе қаласының ортасынан өтетін Сазды өзені көтерілді. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

ТЖД құтқарушылары азаматтарды жақын маңдағы ауылдардан алдын ала эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 25 адам эвакуацияланды, оның ішінде тоғыз бала.

Облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов өзен суының көтерілуіне байланысты мәлімдеме жасады.

Сазды және Жіңішке өзендерінде су деңгейінің көтерілгені байқалды. Осыған орай департаменттің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жоғары дайындыққа келтірілді. Аталған өзен жағалауына жақын орналасқан үйлердің тұрғындары су басу қаупі күрделенген жағдайда 112 және 109 желісіне хабарласуларыңыз сұралады, — деді ол.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Сазды өзенінің деңгейі көтерілуіне байланысты қатты ағыспен ағып келген шөп-шалам, қамыс, бөренелер “Керуен сити” сауда үйінің тұсындағы көпір астына тіреліп, ағысқа кедергі болып жатыр.

Қазір сол учаскеге тиегіш техника қойылып, тазалау шаралары жүргізіліп жатыр.