Мемлекет басшысы жоғары аудиторлық палатаның төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесу барысында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыру мәселелері талқыланды.

Президент жоғары аудиторлық палатаға бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің тиімді және рационалды жұмсалуын республикалық, сонымен қатар жергілікті деңгейде қатаң бақылауды қамтамасыз ету міндеті жүктелетінін айтты.

Әлихан Смайылов мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі ой-пікірін жеткізді, сонымен бірге ведомствоның осы жылға арналған жоспары туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловтың мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі жүктелген міндетті сапалы орындауға септігін тигізетініне сенім білдірді.