Қостанай облысының тағы 14 ауданына қауіп төнді

Қостанай облысының құтқарушылары өңірде су тасқыны жағдайы ушығып бара жатқанын ескертті. ТЖД қызметкерлері жергілікті тұрғындарға үндеу жасады.

Қардың белсенді еруі мен жауын-шашынға байланысты 14 аудан қауіпті аймаққа енгізілді.

Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 31 наурыздан бастап Қостанай облысының аумағында ауа температурасы күндіз +20 градусқа дейін көтерілуі мен аптаның ортасында түнде облыстың солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауатынын хабарлайды. Осыған байланысты, облыстың оңтүстік өңірлерінде су тасқыны жағдайының қайтадан қиындау қаупі жоғары, — делінген хабарламада.

Мәселен, Қарасу, Әулиекөл, Наурызым, Қамысты, Сарыкөл, Алтынсарин, Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарын су басуы мүмкін.

Бұған қоса, Ресей Федерациясының аумағынан ірі өзендер арқылы су ағыны артуы мүмкін.

Жітіқара, Денисов, Қостанай, Қарабалық, Федоров аудандары мен Бейімбет Майлин ауданы су ағынының қауіпті аймағында орналасқан.