Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб жұмысының аясында 88 білім беру ұйымы төртінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастайды.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі хабарлады.
Қашықтан оқыту су тасқыны қаупі сейілмеген аумақтардағы 56 мектепте, сонымен қатар эвакуациялық пункттер ретінде айқындалған 32 мектепте ұйымдастырылып отыр.
Дүйсенбіден бастап 3 миллионнан астам қазақстандық оқушы үшін 2023-2024 оқу жылының төртінші тоқсаны басталады. Бұл ретте су тасқыны жағдайы сақталған өңірлердегі оқушылар қашықтан оқуға көшіріледі. Жергілікті жерлерде оқу-ағарту министрлігінің аумақтық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері мен өңірлік білім басқармалары жұмыс жасап жатыр. Эвакуациялық бекеттердегі балаларға қажет көмек көрсету үшін психологиялық қызметтер іске қосылды. Балалар қашықтан оқу үшін қажетті оқу құралдарымен, киім-кешекпен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Эвакуацияланған 1-4 класс оқушыларын тамақтанумен қамту мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр — деді ведомствоның ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Оқу-тәрбие процесі мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастырылады. Сонымен қатар тәуекелдерді азайту және төтенше жағдайда білім беру процесін жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысындағы колледждер қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.