Абай облысы Ақсуат ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Абай облысының әкімдігі хабарлады.
Ақсуат аудандық жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Онда тасқын су салдарынан келген залалды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімінің шешімімен «Азаматтық қорғау туралы» ҚР заңының 48-бабына және 50-бабына сәйкес жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады.
Жиында қарғын су салдарынан жол қатынасы үзілген ауылдарды қажетті деңгейде азық-түлікпен, басқа да күнделікті, тіршілікке қажет ззаттармен қамту мәселесі пысықталып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, кеше Ақсуат ауданындағы Боғас өзенінде су деңгейі көтеріліп кеткен. Соның салдарынан Уаң ауылында орналасқан бөгет шайылып, тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады.
Ауылдағы 25 адам, оның ішінде бес бала екі шақырым қашықтықтағы Жантікей ауылының Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебіне жеткізілді. 400 бас мал ауыл шетіне айдалды.