Басты бетЖаңалықтарАлматы тауларында...

Алматы тауларында қатты жел соғады

Алматының төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидрометтің» дауылды ескертуінің негізінде 29 наурызда Алматы қаласының таулы аймақтарында қатты жел соғатынын ескертті.

Таулы аймақтарда батыс жақтан қатты жел соғып, жел екпіні секундына 22-28 метре дейін жетеді. Қатты жауын-шашын (қар, жаңбыр) немесе қатты жел, дауыл туралы ескерту жарияланған жағдайда, таулы аймаққа баруды кейінге қалдырған дұрыс, — деді құтқарушылар.

ТЖД мәліметінше, егер тауда болсаңыз, мұқият болып, ауа райының өзгеруін қадағалаған жөн.

Үйге қайтуды тәуліктің кешкі уақытына қалдырмау керек, себебі, кері бағытты таба алмауыңыз мүмкін.

Рюкзактарда келесідей қажет заттар болуға тиіс: жылы киімдер, күтпеген жағдайда дәрігерге дейінгі көмек беруге арналған дәрі қобдишасы, GPS навигаторлар.