Басты бетЖаңалықтарАқтөбе облысының...

Ақтөбе облысының әкімі өңірдегі су тасқынына қатысты ахуалды баяндады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бүгінгі күнгі су тасқынына қатысты облыстағы ахуалды баяндады.

Ол Facebook-парақшасында бейнежазба жариялап, онда табиғаттың тілсіз апаттарына ешкім тосқауыл бола алмайтынын, синоптиктердің жауын-шашын болады деген болжамы жағдайды қиындатып жібергенін айтты.  

Облыс әкімі аймақта материалдық шығынды есептейтін комиссия құрылғанын, зардап шеккен бірде-бір тұрғын назардан тыс қалмайтынын жеткізді. 

Қазіргі уақытта аймақта су шайған жолдар, көпірлер мен өткелдер, су басқан үйлер мен аулалар бар. Кеше аудандарға барып келдім, бүгін қаланы аяқтай жүріп қарап шықтым. Материалдық шығынды құрылған комиссия анықтайтын болады. Тұрғындарымызға сабырлықтары үшін алғысымды білдіремін. Ешбір адам назардан тыс қалмайды, — деді өңір басшысы. 

Қазіргі уақытта қала және 12 ауданның әкімдері, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, әскери құрылымдар, полицейлер күндіз де, түнде де жұмыла жұмыс істеп жатыр, күшейтілген тәртіпке көшірілген. Олар атқарылған шаруаларды өз деңгейінде БАҚ және әлеуметтік желілерде жариялап отыр. 

Су тасқынына қарсы штаб, ахуалдық орталықтағы операторлар тәулік бойы ақтөбеліктердің қоңырауына жауап беріп, көмек беріп отыр. 

Асхат Шахаров осындай сын сағатта тұрғындарды сабырлыққа шақырып, бір-біріне қолдау көрсетуге үндеді.