Ақтөбе облысы Қобда ауданының орталығында үйлерді су басты. Қазір тұрғындарды эвакуациялау жұмысы жүріп жатыр.
Бұл туралы Ақтөбе облыстық ТЖД хабарлады.
Қобдада Маңғыстау облысынан келген 52 құтқару жасағы бар. Олар Темір ауданынан сонда жіберілді. Қазір суға кеткен үйлердің саны есептеліп жатыр. Таңертеңгі ақпарат бойынша 100-ден астам адам эвакуацияланды. Сонымен бірге Ойыл ауданында да Ойыл өзені арнасынан шығуы мүмкін деген қауіп бар. Зерделеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Түсте әуеден бақылау жүргізіледі, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов.
Айта кетейік, өңірде 300-ге жуық адам эвакуацияланған. Көбі тума-туыстарының үйін паналауды жөн көрген. Ақтөбе қаласындағы эвакуациялық пунктте әзірге адамдар жоқ.