«Крокус сити холдағы» теракт салдарынан қаза болғандар саны 139-ға жетті. Бұл туралы Ресей Федерациясы тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин президент Владимир Путинге теракт төңірегіндегі жағдай туралы баяндау кезінде айтты.
Қаза болғандардың 75-інің жеке басы анықталған, 40 адам оқтан, 45 адам өрттен, екеуі емдеу мекемелерінде қаза болған.
Александр Бастрыкиннің айтуынша, тергеу ойын-сауық орталығында болған оқиғалардың толық хронологиясын анықтап қойған.
Төрт адамға айып тағылды. Жауап алу кезінде және сотта олардың барлығы кінәсін мойындап, тапсырыс берушілер мен оларға көмектескен тұлғалар туралы егжей-тегжейлі айғақ берді. Тергеу барысында қылмыскерлерге көлік, пәтер және ақша берген тағы үш адам ұсталды, — деді тергеу комитетінің басшысы.
Еске салайық, 22 наурызда Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы «Крокус сити холл» ғимаратында белгісіз біреулер атыс ұйымдастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтардың атынан президент Владимир Путинге және бауырлас Ресей халқына Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекеттің салдарынан көптеген адамның құрбан болуына байланысты көңіл айтты.
ФҚҚ Крокус сити холдағы терактіге қатысты 11 адамның ұсталғанын хабарлады.
24 наурыз Ресейде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.