Қазақтың мәдениетін алты тілде сөйлету керек — Елбасы

«АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезін­дегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың енші­сінде. Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек. Бұл жоба нені көздейді? Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі — ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт. Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс», — деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың тың тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал. Бұл — ұлттық мәденитімізді кеңінен танытудың үшінші жолы. Төртіншіден, аталған бастамаларға ауқымды мемлекеттік қол­дау жасалуы қажет.

«Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министр­ліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Бесінші, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс. Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкіл­дері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анық­тап алуымыз керек. Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін ірік­теп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныс­тыру рәсімдерін өткіземіз», — деп атап көрсетті Елбасы.

Президент ағымдағы жылда жер жүзіне мәдениет саласындағы жетістіктерімізді айқындап алу қажет деп санайды. Содан соң бірегей бағдарламаны 5-7 жылда тың­ғылықты жүзеге асырған жөн.

«Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады», — дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

ДереккөзInform.kz