Кейінгі 10 жылда елімізде ауылдар саны 582 бірлікке қысқарды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
Бүгінгі таңда республикамызда 6 256 ауылдық елдімекенде 7,6 миллион адам тұрады. Жалпы еліміздегі халық санының 38,4-і. Бұл ретте табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі — 7,2, ал жұмыссыздық деңгейі — 4,7. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі – 33% немесе 1,2 миллион адам. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның талаптарына сәйкес жүргізілген жұмыстар нәтижесінде кейінгі 10 жылда ауылдық елдімекендер саны 6 838-ден 6 256 дейін, яғни 582 бірлікке қысқарды. Негізінен, ауыл санының қысқаруы, тұрғын саны 50 адамнан кем ауылдар жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгізілуінен болады, — деді министр.
Оның айтуынша, министрлік жыл сайын өңірлік стандарттар талаптарына сәйкес ауылдардың қамтамасыз етілуіне мониториң және талдау жүргізеді. Мәселен, 2023 жылы қамтамасыз ету деңгейі 64,3% болды. Ол 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 тармаққа жоғары. Бұл ретте, объектілермен және қызметтермен қамтамасыз етілудің ең жоғары деңгейі Маңғыстау – 72,4, Атырау – 70 және Ақтөбе облыстарында 69,6% деңгейінде байқалады. Қамтамасыз етілу деңгейі төмен келесі облыстар: ШҚО – 58, Ұлытау – 57 және Абай – 55,4%.
Сонымен қатар өңірлік стандарттар көрсеткіштерін талдау нәтижелері бойынша, қамтамасыз етудің жоғары және орташа деңгейі бар ауылдар санының артуы байқалады. Осылайша, қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар саны 1 296 бірлікті құрайды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 169 бірлікке артты. Сонымен қатар көрсеткіштері төмен ауылдардың үлесі 1 676-дан 1 399 ауылға дейін азайды, — деді Нұрлан Байбазаров.