Құмар ойындарға қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі қызмет цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Ведомство цифрлық даму министрлігімен бірлесіп Қазақстан азаматтары мен ел тұрғындарын құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі қызметті автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтады.
Бүгінгі күннен бастап Қазақстан азаматтары, сонымен қатар ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобайл қолданбасы арқылы алты айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бұл рәсім «Ойын бизнесі туралы» ҚР заңының 15-1 бабында көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер тізіміне қосу сегіз жұмыс күні ішінде қағаз форматта жүзеге асырылды, — делінген хабарламада.
Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартады және құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңілдетеді. Бұл барлық азаматтарға, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Өзін құмар ойындарға қатысудан шектеу үшін ҚР азаматына немесе резидентіне өз телефонына eGov mobile мобайл қолданбасын жүктеп, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасап алу керек.