Әли Насырбек 10 жаста. Ол қазірден бастап өзін түрлі бағытта дамытып жүр. Мектеп бағдарламасындағы негізгі пән — математика бойынша халықаралық олимпиада чемпионы, республикалық өнер байқауының жеңімпазы. Жас дарынның басқа да жеткен жетістігі көп. Baribar.kz Әлиге хабарласып, шығармашылығы туралы сөйлесті.
Әли Насырбек Астанадағы «NurOrda» мектеп-лицейінде 4-класта оқиды. Ол — оқу озаты әрі өте жан-жақты оқушы. Түрлі үйірмеге қатысады. Әли небәрі тоғыз жасында Нью-Йоркта өткен математикадан халықаралық байқаудың жеңімпазы болған.
Халықаралық байқау Нью-Йорк қаласындағы Columbia University-де өтті. Бірақ байқауда 3, 4 және 5-кластар бір категория бойынша бағаланды. Сондықтан мен ол кезде 3-класта оқысам да, өзімнен жоғары класс бағдарламасының есептерін шығаруым керек болды. Кішкене қиын болғанымен, мұғалімдерімізбен алдын ала екі айдай дайындалған соң, есептерді шығара алдым, — дейді ол.
Әли Америка Құрама Штатында өткен бұл халықаралық байқауға қатыспас бұрын математика бойынша өзге де түрлі жарысқа қатысқан, көп қосымша сабақ алған. Өзінің айтуынша, оның есеп-қисапқа қызығатынын алғаш болып мектептегі мұғалімдері байқапты.
Класс бойынша есептерді үнемі жылдамырақ шығарып қоятынмын. Сосын оны мұғалімім байқап, мені жарыстарға қатыстыратын болды. Әкем үйде де ылғи бірнәрселерді есептеп отыратынымды көріп, қызығушылығымды түсінді. Сондықтан жарыстарға қатысатынымды әрдайым қолдайды. Нью-Йоркқа барар алдында оған дейінгі кезеңді жеңіп, халықаралық байқауға жолдама алу керек болды. Ол кезеңнің тапсырмаларын өз мектебімізде орындадық, — дейді Әли.
Әли осы қабілетін шыңдай түсу үшін шахматпен де айналысады. Үнемі қосымша үйірмесінен қалмай барып, шахмат бойынша да жарыстарға шығып жүр.
Шахмат ойнаған да қатты ұнайды. Бұл жерде де есеп шығарып отырғандай, әр қадамыңды ойланып басасың. Қарсы жақтың қалай жүруі мүмкін екенін де есептейсің. Күрделі, бірақ өте қызық ойын. Өз басым, есеп шығарғанда өзімді жақсы сезінемін. Шахмат ойнағанда да солай, — дейді ол.
Әли жаратылыстану-математика бағытымен қатар, шығармашылық қабілетін дамытуға да көп көңіл бөледі. Ол жақында ғана Астанада өткен республикалық өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Шығармашылықпен айналысқан да қатты ұнайды. Астанадағы өнер байқауында домбыра тартып, «Ыңғайтөк» күйін шертіп, жеңімпаз атандым. Домбыра үйірмесіне 2-кластан бері қатысып жүрмін. Қазір шамамен 20 шақты күй тарта аламын. Бұған қоса пианино да ойнай аламын, — дейді өнерлі бала.
Әли сабақтан тыс уақытта спорт үйірмесіне де барады. Каратэмен айналысып жүргеніне бір жылдай болған. Жалпы Әлидің кестесі тығыз. Күнде үйден таңертең ерте шығып, кешке бір-ақ келеді.
Таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін мектептеміз. Кесте бойынша түске дейін мектеп бағдарламасындағы міндетті пәндерді оқимыз. Барлық сабақ біткен соң, бірден класс болып бүкіл үй тапсырмасын орындап тастаймыз. Мектептегі жауапкершіліктен тек осыдан кейін ғана босаймыз. Сағат тілі кешкі беске таяған уақытта мектептен шығып үйірмелеріме барамын. Сондықтан үйге көбіне кешкі алтыларға таман жетемін, — дейді ол.
Бірақ бала болған соң, Әли де кейде еркелеп қалатыны бар. Ата-анасы оның мұндай еркеліктеріне оң көзбен қарайды.
Жалпы, Әлидің өзі мүлдем жалқау емес. Бірақ бала ғой, кейде еркелеп, «бүгін мына үйірмеге бармай-ақ қояйыншы» деп сұранып тұрады. Рұқсат береміз. Бірақ көп қайталауға болмайтынын, келесі сабаққа міндетті түрде баруы керек екенін қадағалаймыз. Бірақ ата-анаға артылатын басты жүк алтын ортаны ұстай білу сияқты. Біз де баланы қатты қинап жібергіміз келмейді. Еркін болғанын қалаймыз. Дей тұрғанмен қатты еркінсітіп жіберуге де болмайды. Сондықтан есептеп-пішіп, әр үйірмеге аптасына тек бір-екі рет қана баруды сұраймыз, — дейді Әлидің анасы Жадыра Қабдирова.
Жадыра бала тұлға болып қалыптасуы үшін жан-жақты болып өсуі керек деп есептейді. Сондықтан Әлидің түрлі үйрімеге қызығатынын да қуана қолдайды.
Қазір әлі кішкентай болған соң, көп нәрсеге қызығады ғой. Әкесі екеуіміз барынша қолдауға, жағдай жасауға тырысамыз. Есепке ширақтығы оның ойлау қабілетін дамытады, өнерге қызығатыны ой-қиялына оң әсер етеді. Ештеңе артық болмайды. Бастысы, қатты қиналмаса да болды. Қазір Әли бір жас үлкен әпкесі Кәусармен тете өсіп келеді. Екеуі де — оқу озаты. Кәусар да түрлі үйірмеге қатысады. Оның да кез келген қызығушылығын қолдаймыз. Сондықтан бірге дамыған өздеріне де қызық сияқты. Уақыт өте бала өзіне керегін, шын жақсы көретінін өзі таңдайды. Ал өзі жақсы көретін іспен айналысатын адам жаман болмайды деп есептейміз, — дейді анасы.
Жадыраның айтуынша, Әли қазір бәрінен қатты математиканы, есеп шығарғанды жақсы көреді. Ата-анасы да баласы болашақта осы саланы таңдаса, көп жетістікке жетеді деп сенеді.
Әкесі екеуміз ата-ана ретінде балалардың өмірден орнын тапқанын қалаймыз. Балалар сүйікті ісімен айналыса жүріп, қоғамға да пайдалы нәрсе істегенін, дұрыс кәсіппен айналысқанын қалаймыз. Қазір балалардың дамуы үшін, тұлға болып қалыптасуы үшін қызығушылығын ашып, қажеттіктерін қанағаттандырып отыруға тырысамыз. Әлидің есеп-қисапқа деген қызығушылығы қуантады. Себебі математика барлық салаға қажет, есеп — кез келген мамандықтың негізі. Қазір өзі де уақыт өте сол математикалық білімін тереңдеткісі келетінін байқап жүрміз. Болашақта соның айналасындағы бір мамандықты таңдап жатса, біз, әрине, қуанамыз, — дейді Жадыра.
Ал Әлидің өзі әлі талай байқауға қатысып, жеңімпаз болуға ниетті.