Қазақстанда суретші Рустам Халфин шығармашылық мұрасының LOOK Gallery деген онлайн-мұрағаты ашылды.
Рустам Халфин (1949-2008) – Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің басты тұлғасы. Зерттеуші және суретші ретінде Қазақстанның қазіргі арт-қауымдастығы қалыптасып, өркендеуіне үлкен ықпал етті. Суретшінің еңбектері нонконформистік өнердің Зиммерли музейі (Нью-Брансуик, АҚШ), M HKA заманауи өнер музейі (Антверпен, Бельгия), Мемлекеттік Третьяков галереясы (Мәскеу, Ресей), Шығыстың Мемлекеттік музейі топтамасы (Мәскеу, Ресей), Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі (Алматы, Қазақстан), ҚР Ұлттық музейі (Астана, Қазақстан) секілді танымал орындарда және коллекцияларда сақталған.
Онлайн-мұрағат аясында көркем сурет, графикалық еңбек, этюд жұмыстары, суретшінің жеке фотосуреттері, видео-арт, сонымен қатар энвайронмент, инсталляция, перформанс фотосуреттері, іскери хаттар, Халфиннің шығармашылығы туралы көпке белгісіз мақалалар мен оның осыған дейін жарияланбаған мәтіндері секілді 900-ден астам жұмыс цифрландырылды.
Оған қоса мұрағат заманауи өнер саласындағы кәсіби мамандарға, жас суретшілерге, осы бағытта білім алып жүрген студенттерге және жалпы оқырманға арналған. Материалдардың басым көпшілігі 80-жылдар мен 2008 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Куратор, галерист Роза Әбенова Рустам Халфиннің онлайн-мұрағаты суретшіні не себепті қазіргі Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің негізін қалған тұлғалар қатарына жатқызатынына жауап береді.
Онлайн-мұрағаттағы материалдар Рустам Халфин заманау өнердің қалыптасуына қаншалық ықпал еткенін айқындайды. Тағы 3000 материал жинақталды, алдағы уақытта оның бәрі цифрландырылып онлайн-мұрағатқа жүктеледі, — деді галерист.
Сонымен қатар ол қазіргі суретшілерді жұмыстарын жүйелеп, реттеп, цифрландыруға және өзінің сайтын ашып, сонда жүктеуге шақырды. Бұл кейінгі буынның алдыңғы буынды танып, түсінуіне көмектеседі.
Рустам Халфин мұрасы қорының негізін қалаған Руслан Халфин о баста қор ашылғанда суретшінің жұмыстарын танытуды мақсат еткенін айтты.
2021 жылғы қарашада қорды аштық. Жалғыз ғана мақсатымыз болды — электрон архив жасау. Бұл Руслан Халфиннің жұмыстарын таныту үшін керек еді, — деді ол.
Суретші «пулота» концепциясын, яғни «пустота» және «полнота» ұғымдарының бір сәттегі үйлесуін ойлап тапты. Бұл сөз қол жұдырық болып түйілгенде саусақтың арасында қалып, белгілі бір пішінге ие болатын қарапайым, жұмсақ затты (ауа ма, саз балшық па, маңызды емес) сипаттайды.