Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерді Рамазан айында азық-түлік бағасын төмендетуге шақырды.
Бұл туралы Muftyat.kz хабарлады.
Бас мүфти барша азаматты қасиетті айда жүзеге асатын қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырды.
Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар ол барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға үндеді.
Осы орайда бас мүфти Рамазан айымен құттықтап, оразаның мән-маңызы туралы айтты.
Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат, — деді ҚМДБ төрағасы.
Оның айтуынша, денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап.