Алматының іргесіндегі Іргелі ауылындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде жылу мен ыстық су өшірілді. Алматы облысының әкімдігі оның себебін түсіндірді.
Кешен тұрғындарының бірі Instagram желісінде қазандыққа қызмет көрсететін ұйымның қарызы салдарынан 5 088 отбасы жылусыз қалғанын айтты.
Алматы облысының әкімдігі «Тәуекел-Н-Алғабас» ЖШС газбен жабдықтау бойынша дебиторлық қарызына байланысты қазандық өшірілгенін жеткізді. Соның салдарынан 20 мыңнан астам адам тұратын 5 088 пәтер жылусыз және ыстық сусыз қалды, — делінген хабарламада.
Қазандыққа сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқару негізінде «АлатауКомСервис» ЖШС қызмет көрсетеді.
4 наурыз күні сағат 20.00–дегі жағдай бойынша қазандықта газ беру қалпына келді, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. „Асыл арман“ мүліктің меншік иелері бірлестігі қызметкерлері жылу және ыстық су жүйелерін реттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Қарыз сомасы — 47,457 миллион теңге, — делінген хабарламада.