Әдебиет әлемінде жануарлар мен аңдар туралы шығарма жеткілікті. Бұл шығармаларда жазушылар саяси-әлеуметтік мәселелерге өзге жаратылыс иесінің көзімен қарап, адам баласы жоғалтып алған асыл қасиеттерді аң мен жануардың бойынан іздейді.
Baribar.kz қазақ әдебиетіндегі жануарлар мен аңдар туралы жазылған шығармаларға шолу жасады.

Мұхтар Әуезов –  «Көксерек»

Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі адам мен табиғат арасындағы байланысты көрсетіп, қасқыр мен баланың достығын суреттейді. Жазушы бұл әңгімені 1928 жылғы желтоқсан мен 1929 жылғы қаңтар айында Ташкент қаласында жазған. 1973 жылы «Көксерек» әңгімесінің желісі бойынша «Көксерек» деген фильм түсірілген. Бұл фильм «Оскарға» ұсынылған алғашқы фильм ретінде аталады.

«Көксерек» — адам мен қасқыр мінезіндегі зұлымдықты ашық көрсеткен әңгіме. Әңгіме сюжеті де аң мен адамның текетіресінен басталады. Көк шолақ арлан күшіктеріне қорек қылу үшін қызыл қозыға шабады. Ыза болған ауыл адамдары қасқырдың апанын тауып, жеті күшіктің бесеуін өлтіріп тастайды. Көк шолақ арлан мен құртқа өз күшіктерінің атылғанын тығылып бақылайды.

Мұхтар Әуезов, «Көксерек»
Иллюстрация: Жәнібек Әмре/Baribar.kz

Мұхтар Әуезов бұл сәтті «Жеті күшіктің бесеуін көздеріне қарап отырып өлтірді де, екі кішкенесін тірі қалдырды. Кетерде бұның біреуінің тірсегін қиып қалдырды да, екінші біреуін – ең кенжесін алып жүріп кетті» деп жазады. Тұтқын болған көк күшікті Құрмаш асырайды. Құрмаш – ауыл баласы. Ол көк күшікке «Көксерек» деген ат береді. Көксерек ауыл иттерінен құқай көріп, Құрмаш ауыл адамдарынан ескерту естіп күндер өте береді.

Мұхтар Әуезов күшіктің көкжалға айналу процесін түрлі кезеңге бөліп суреттейді. Көксеректің алғаш көзін ашқаны, алғаш иттерге айбат шеккені, алғаш ұлығаны, алғаш рет малға шапқаны толық жазылған. Көксерек күздің дауылды күнінде Құрмашты тастап, өзге қасқырларға қосылады.  Қасқырдың тағылық өмірі мен бала Құрмаштың тағдыры қызықтырса, «Көксеректі» оқыңыз.

Оралхан Бөкей – «Кербұғы»

Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» әңгімесі — философиялық ойлар мен түйінді толғамдарға толы шығарма. Жазушы бұл шығармада жануардың тіршілігін суреттеп, адамдарға үлкен ой салады. Әңгіме желісі қуаты таусылған, кәрілік жеңе бастаған бұғының өткен күнді еске алуынан басталады. Кербұғы жас бұғыны жеңсе де, күйекке түскен сәтте күші баяғыдай емес екенін толық түсінеді. Жас бұғы осы сәтті ұтымды пайдаланып кетеді.

Кербұғы кәрілік үшін ғана қайғырып, күйек үшін ғана қапаланбайды. Жануар еркіндігінің жоқтығына да ызалы. Адамдар кербұғы мен өзге де бұғыларды арнайы қораға қамап, мүйізін кесіп түрлі мақсатқа қолданады. Жануар адамды «не нəрсе сұлу болса, отап тастауға, не нəрсе биік болса, құлатып тастауға, не нəрсе аппақ болса, қаралап тастауға, не нəрсе адал болса, арамдап тастауға əуес жұмыр басты» деп қабылдайды.

Оралхан Бөкей, «Кербұғы»
Иллюстрация: Жәнібек Әмре/Baribar.kz

«Кербұғы» әңгімесін оқыған сәтте жеке адамның трагедиясын да, аз ұлттардың қасіретін де анық сезінуге болады. «…Бүкіл тауды айналып бағанағы орнына қайтып оралғанда ғана, өздерінің қоршауда жүретінін сезді, сөйтсе бұлар қоршаудың ішінде от оттап, қоршаудың ішінде су ішеді екен. Бұғылар үшін шын еркіндік мәңгі бақида жоқ екен…» деп жазады Оралхан Бөкей.

Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» әңгімесі «Еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ» деп аяқталады. Бұл әңгіме туралы жорамалдар мен аңыздар жетерлік. Желіде «Оралхан Бөкейдің өзі жайлы шығарма», «Азаттықты аңсаған ұлт жайлы шығарма» деген пікірлер өте көп. «Еркінмін» деп ойлап жүрген бұғының қоршаудағы тіршілігі мен адамзат туралы толғамдары қызықтырса, «Кербұғы» әңгімесін оқыңыз.

Мұхтар Мағауин – «Тазының өлімі»

Жазушы Мұхтар Мағауин «Тазының өлімі» хикаятын 1969 жылы жазған. Бұл хикаят асыл тұқымды тазы туралы. Хикаят басталғанда тазы өткен күнін еске алып, келмеске кеткен сәттерді ойлайды. Хикаятты оқыған сәтте Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі ойға оралады. Мұхтар Әуезовтің Көксерегін талаған ауыл иттері, Мұхтар Мағауиннің де тазысына күн көрсетпейді. Екі жазушы да осы арқылы күрес аңға да, жануарға да, адамға да ортақ дүние екенін түсіндіреді.

Тазының аты – Лашын. Лашын алаңсыз ұйықтап жатқан сәтте ауыл төбеті тап беріп, талап тастайды. «Күшіктің жүрегіне басқа бір жара түскен еді: ол дүниеде әділетсіздік, зұлымдық, зорлық барын, басыңа бақытсыздық төнсе ақтығың, жазықсыздығың арашалап алып қала алмайтынын ұқпаса да, бұдан былай бейтаныс жан иелерінің бәріне күмәнмен, дұшпан көзімен қарайтын болған» деп жазады Мұхтар Мағауин.

Мұхтар Мағауин, «Тазының өлімі»
Иллюстрация: Жәнібек Әмре/Baribar.kz

Осы оқиға тазыға ауыр тиеді. Лашынды ауыл төбетінің аузынан иесі құтқарып алып, күшікті өз ұлына береді. Иесінің есімі – Қазы. Қазының ұлы – Әділ. Осы күннен бастап Лашынға Әділ қамқор болады. Ол күшікті үйге кіргізіп, бауырсақ береді. Лашын адамдардың өмірін бақылап, диалогтарына құлақ түреді. Қазының үйіне жиналған бір топ адам арақтың зияны мен пайдасы туралы да сөз таластырады.

Бұл – Лашынның өміріндегі қайғысыз, қамсыз күндер. Ол осы күндерде адамның құдіретін толық түсінеді. «Лашын әлемде құдіретті күш иесі – тәңірі барлығына және оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ екеніне ден қойды. Бұл тәңірінің аты – Адам еді» деп жазады Мағауин. Балалық дәурен өтіп, тазының нағыз сыналатын шағы да келеді. Тазының аңға түскен сәті мен алдағы өмірі қызықтырса, «Тазының өлімін» оқыңыз.

Несіпбек Дәутайұлы – «Айғыркісі»

Несіпбек Дәутайұлы 1947 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Иірсу ауылында дүниеге келген. «Құдірет пен қасірет» деген романы мен «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің», «Мінез», «Айғыркісі» деген әңгімелер мен повестер жинағын жазған. Жазушының «Айғыркісі» әңгімесі оқырман арасында кең танымал. Жазушы бұл әңгімеде жылқының қасиетін көрсетіп, адамдардың құбылмалы мінезін суреттейді.

Әңгіме желісі Бұлдидың ауыл зиратының тұсына келгендегі таңданысымен басталады. Таңданатын себеп жоқ емес. Бұлдидың Жалғас деген жалғыз ұлы бар еді. Ол бір апта бұрын қайтыс болды. Бұлдидың таңданатын себебі – Жалғас батпақтан тауып алып, асырап, айғыр қылған жылқы жас топырақтың басында тұр екен. Таластың түкпіріндегі Қырғыз ауылынан қашып келіпті.

Несіпбек Дәутайұлы – «Айғыркісі»
Иллюстрация: Жәнібек Әмре/Baribar.kz

Жазушы өткен күнге оралады. Ол Бұлдидың бір балаға зәру болғанын, дүниеге көптен күткен ұл келгенін, ұлдың есімін Жалғас деп қойғанын, Жалғастың ерекше бала болып өскенін, батпаққа батып жатқан тайды қалай шығарып алғанын толық жазады. Тайдың сұры өте жаман болса да, Жалғас асырауға бекінеді. Бұлди алғашында қарсы болса да, баланың қалауын ескеріп, көнеді.

Бұлдидың мінезі тайдың өңі кіре бастағанда өзгереді. «Сатса, біраз ақша болады, ә!» деп қызығады. Бұл уақыт — жылқыға «Айғыркісі» деген ат берілген кез. Айғыркісі аймақтағы барлық бәйгені жеңіп, қырғыздардың да ат бәйгелерінің алдын бермейді. Бұл жеңістер Бұлдиды тыныш жатқызбады. Бұл оқиғаның қалай аяқталатыны қызық болып, кісілік қонған жылқының тағдырына алаңдасаңыз «Айғыркісі» әңгімесін толық оқып шығыңыз.