Алматыда қоғамдық көлікте қызмет көрсетудің жаңа тәсілі енгізіледі

Биыл 1 шілдеден бастап мегаполистің қоғамдық көліктерінде қызмет көрсетудің жаңа тәсілі енгізіледі. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.

Наурызбай ауданының тұрғыны халықпен кездесуге келген шаһар басшысына қоғамдық көліктерге қатысты ұсыныс айтты.

Автобустар мен троллейбустардың ішінде отырған ерекше қажеттігі бар адамдарға, қарттарға, жүкті әйелдерге және балалары бар жолаушыларға орын беруге шақыратын дыбысты ескертулер қосу керек деп ойлаймын, — деді ол.

Ерболат Досаев осы мәселеге қатысты жоспар бар екенін жеткізді.

1 шілдеге дейін қоғамдық көліктердің қызмет көрсетуіне жаңа тәсілдер енгізуді жоспарлап отырмыз. Қажет өзгерістер мен толықтырулар болады, — деді қала басшысы.