«Жапон мангасының қазақстандық жастарға берері мол» дейді 23 жастағы қаламгер Абай Болатов. Ол Шүхо Сато деген жапон мангакасының «Блак Жәкке сәлем айт» мангасын қазақ тіліне аударды. Baribar.kz тілшісі Абаймен сұхбаттасып, қазақшалаған мангасы туралы тілдесті.
Сайто Ейжиро деген жас жігіт медицина университетін тәмамдады. Интерн өзінің медициналық тәжірибесін бірден екі емханадан бастайды. Бірақ медицина әлемі Сайто ойлағандай болып шықпайды, себебі ол қызметінің алғашқы жылынан-ақ жапон медицинасының қиын сәттерін көреді – жалақы аз, жемқорлық бар, қарым-қатынас немқұрайлы. Осыдан кейін Сайто өз-өзіне “Дәрігер деген кім?” “Дәрігер атану үшін қандай болу керек?” деген сұрақ қояды. Оқырман мангадан Ейжиро Сайтомен бірге сұрақтың жауабын іздеп, жас маманның қызық оқиғасын бастан кешіреді.
Міне, дәл осы сюжет желісі баяндалған манганы қазақтандық әуесқой аудармашы Абай Болатов қазақшаға аударды. Абай Болатов — мамандығы бойынша өрт сөндіруші. Бірақ қазіргі уақытта графика дизайнері болып істейді. Ал 2019 жылы ол жапон мангасын оқып, өзі үшін жаңа жанрмен танысқан. Абайға жапон мангасының тақырыптары мотивацияға толы болғанымен ерекше ұнаған.
2019 жылы ауылда болдым. Онда интернет жоқ, сондықтан ұялы телефоныма бірнеше манганы жүктеп алып, оқитынмын. Осылай, мангаға деген махаббатым ашылды, — дейді ол.
Абай манганы көбіне орыс тілінде оқиды. Себебі қазақ тіліндегі манга жоқтың қасы дейді. Кейін ол бұл мәселені шешу үшін өзі қазақшаға аударуды жөн көріпті. Сөйтіп Абай аударма саласындағы тәжірибесін Шүхо Сато деген мангаканың мангасынан бастапты. Дәл осы манганы таңдағанының себебі де бар екен.
Кітаптың авторы қайтыс болғаннан кейін 70 жыл өтсе, оның еңбегі қоғам мүлкіне айналады. Дегенмен әзірге мұндай мангака жоқ. Шүхо Сато деген жапон мангакасы (бұл автордың көзі тірі — ред) «Блак Жәкке сәлем айт» мангасын өзі қоғам мүлкіне берген екен. Бұл дегеніміз автордың жеке рұқсатын алмай-ақ, оны кез келген тілге аударуға болады. Бұл дәл осы манганы аударғанымның бір себебі болды. Екіншіден, бұл манганың айтары, мазмұны өзіме ұнады. Жастарға берері көп деп ойладым, себебі шығарма жас дәрігердің қиындықтармен қалай күрескенін баяндайды. Оған қоса манга өлім мен өмір туралы, — дейді Абай.
Абайдың айтуынша, Шүхо Сато «аудармашылар “Блак Жәкке сәлем айт” мангасын қай тілге аударып, басып шығарса да, оны ақылы түрде сатуы керек» деп шарт қойған екен. Сол себепті Абай манганың қазақша нұсқасын арнайы сайтқа салып қойыпты. Оны оқырмандар 50 теңгеге сатып алып, оқи алады.
Негізі кітаптарды, шығармаларды орыс және қазақ тілінде еркін оқимын. Дегенмен шетел әдебиетінің, манганың қазақша нұсқасының көп болғанын қалаймын. Бұған дейін өзім үшін ғана бірнеше манганы бейресми түрде аударып көрдім. Ал осы манганы ресми түрде қолға алдым, — дейді Абай Болатов.
Әдетте жапон мен қазақ халқының мәдениеті ұқсас деп жатады. Десе де әдеби шығармаға келгенде әр елдің өз ерекшелігі, тіл нормасы бар. Абай манганы аударғанда қазақ тілі ережесін сақтауға тырысқан. Оған қоса кей сөзді қазақ менталитетіне жақын еткісі келіп, диалект сөздерді де қолданыпты. Мәселен, «емхана зор екен» деп жазыпты. Есікті «шиқ» еткізіп, қоңырауды «шыр-шыр» етіп, ал жолда кетіп бара жатқан көлік қозғалысының дыбысын «гүіл-гүіл», қатты дыбыстарды «дүрс-дүрс», «сықыр-сықыр» деп жазыпты.
Ислам Жарылқапов деген ғалымның да кеңесіне құлақ астым. Мәселен, ол кісі дәрігердің орнына емгер, аурухананың орнына емхана деген сөзді қолдануды ұсынды. Ол кісінің айтуынша, дәрігер фармокологқа қолданылуы керек екен, — дейді ол.
Абай жапон тілін білмейді, сол себепті манганы ағылшынша нұсқасынан тәржімалаған. Манганың І тарауын Абаймен бірге Мұқан Дидар аударған. Қалған алты тарауын Абайдың өзі аударған. Ал шетел авторларының кітабын қазақшаға аударып жүрген Steppe and world баспасында істейтін Абылай Сұлтан манганың дайын нұсқасын тексеріп, кеңес берген екен.
Манга медицина туралы болғандықтан, бұл салаға қатысты біраз терминді білмейді екенмін. Сондықтан кейбір сөздің мағынасын түсіну үшін Google беттерін ақтаруға біраз уақытым кетті. «Блак Жәкке сәлем айт» мангасын 2023 жылғы қаңтарда аудара бастадым. Тура бір жылдан соң бітірдім, — дейді.
Абайдың айтуынша, жапон мәдениетіне, әдебиетіне қызығып жүрген жастар көп.
Күндердің бір күні жапон мангалары, комикстары көптеп қазақшаланады. Бірақ бұл процесті кейінге қалдырмай, қазірден бастай берген дұрыс деп санадым. Сөйтіп бұл салаға өзім де үлес қосқым келді, — дейді аудармашы.
Абай Болатов қазір тек өзі аударып жүр. Дегенмен болашақта қаржылай мүмкіндігі болса, кәсіби аудармашыларды жалдап, сапалы манга шығарғысы келеді.
***
Тағы оқыңыз:
Соғыс, төбелес және эротика. Жапон комиксі — манга Қазақстанда қалай дамып жатыр?