Елорда әуежайындағы жағдай тұрақталып келеді. Әуежайдың ішкі және халықаралық рейстер терминалындағы жұмыс 10.48-де жанданып, жолаушылар тіркеуден өте бастады.
Бұл туралы азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
DV702 Астана-Шымкент рейсі 12:23-те, IQ389 Астана-Жезқазған рейсі 12.26-да, IQ437 Астана-Петропавл рейсі 13.38-де, KC952 Астана-Алматы рейсі 12.46-да, КС7052 Астана-Алматы рейсі 13.36-да және KC205 Астана-Дубай рейсі 13.04-те ұшты.
Төтенше жағдай кезінде елорда әуежайында ҚР көлік министрлігі азаматтық авиация комитетінің басшылығы, ҚР авиациялық әкімшілігі қызметкерлері және Terminals Airport Astana Management LLP, әуежай қызметкерлерінің қатысуымен оперативті штаб құрылып, жедел әрекет етті.
Эвакуацияланған жолаушыларға салқын және ыстық сусын, жеңіл тағам ұсынылды.
Әуежайдағы қауіпсіздік шараларын қалыпқа келтіру және күшейту шаралары әрі қарай жалғастырылады.
Еске салайық, бұған дейін төтенше жағдай салдарынан Астана әуежайынан ұшатын 18 рейс (14 рейс Қазақстан ішінде, төрт халықаралық рейс) кешіктірілген еді.