Әлеуметтік желіде «Ана» әнін хормен шырқаған балалардың видеосы тарады. Бұл — Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназиясының 5-класс оқушылары. Ал бұл хорды ұйымдастырған — мектептегі вокал және хор үйірмесінің жетекшісі Манарбек Жәлімбетов. Baribar.kz тілшілері шығармашыл балалар оқитын мектепке барып, олардың өнерін тамашалап, мұғалімімен сөйлесіп қайтты.
Манарбек Жәлімбетов бұл гимназияда 2009 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы 15 жыл бойы сахнаға түрлі хор қойылымын бейімдеп келеді.
2009 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын хорды дирижерлау мамандығы бойынша бітірдім. Сосын бірден Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне жұмысқа тұрдым. Көп уақыт өтпей екінші жұмыс ретінде Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясына да орналастым, — дейді ол.
Манарбек ағай бүгін де балаларды хорға дайындап жатыр. Мектептің акт залында орта класс оқушылары жүр.
Жалпы үйірмеге икемі бар, қабілеті бар балаларды таңдап аламыз. Кішірек кластағы балалардың ата-анасы баласын хорға бергісі келіп жатады. Оған да қарсы емеспіз, қызығушылығы болып тұрса, неге алмасқа?! Ал жалпы хорды екі буынға бөліп тәрбиелейміз. Ересектер мен орта буын, — дейді ол.
Бүгін мектептің акт залының сахнасында сап түзеп тұрған балалар — сол «Ана» деп ән шырқап, желіде танылып кеткен жұлдыздар. Бәрі 5-класта оқиды.
Қаңтарда әлеуметтік желіде «Ана» деп ән салған хор ерекше танымал болды. Ол видео әлі үздік видеолар лентасынан түспей келеді. Ал балалар содан бері сахнадан түспей жүр. Дәл осы хор құрамында 55 оқушы бар. Бәрі — 5-класс оқушысы. Тек әннің шумағын орындайтын солист жігітіміз 9-класта оқиды, аты — Санжар Серік. Дәл осы баланы ересек топтан таңдап алғаным да бекер емес. Хор айтқызу кәдімгі қойылым қойғанмен бірдей. Бұл хорды ұйымдастырғанда да бірден шумақты ересектеу оқушы айтуы керек деп елестеттім. Әннің сезімге толы, әрі техникалық жағынан ырғақты бөлімін хордың балаларынан ересек оқушы айтқаны дұрыс болып көрінді, — дейді хор жетекшісі.
Манарбек ағай «Ана» әнін бекер таңдамаған. Оны бір тыңдағаннан хорға бейімдеуге болады екен деген ой келген.
Садраддин айтатын «Ана» деген әнді көлікте кетіп бара жатып үнемі тыңдайтынмын. Тыңдап отырып, «осыны хорға шығарсам» деп ойлап жүрдім. Садраддин айтқан нұсқада да соңғы шумағына хор қосылған. Сол жері де қатты ұнап, шабыт алған сияқтымын. Кейін хорды көз алдыма елестете бастадым. Меніңше, әнді айтып қоя салуға болмайды. Авторлардың жүректен шыққан шығармасын жүрекке жеткізу үшін ортада біз сияқты мамандар біраз креатив қосуы керек. Сол үшін хорды да бір іс-қимыл қосып, толықтыру керектей көрінді. Сол үшін хордың ортасында балалар жүрекше шығарып, ана деген жазуды көрсететін болды, — дейді ол.
Қиялы ұшқыр, шығармашыл мұғалімнің бұл идеясын мектеп директоры бірден қолдаған. Манарбек ағайдың айтуынша, идеядан бастап, хорды сахнаға шығарғанға дейін шамамен үш ай кеткен.
Сол аралықта мектепте қалалық мұғалімдер семинарына дайындық жүріп жатқан еді. Директорымыз Сәния Тілеубай да сол семинарға ерекше бірнәрсе ұйымдастыруды ұсынды. Ол кісі балалардың шығармашылық қабілетін шыңдауға да қатты мән береді. Сонымен хордың дайындығын бастап кеттік. Балаларды жидық, «жүректі» қостық, түрлі іс-қимыл қостық. Солист жігітіміз соңында әдемілеп тізе бүгіп, анаға тағзым көрсететін жерін де қостық. Осылай, әнді көрерменге жеткізуге тырыстық. Бала — мектептің айнасы. Сондықтан семинарда мұндай жаппай қойылым келген қонақтарға ұнайтынына сенімді болдық. Бір жағынан ән айту, шығармашылықпен айналысу, сахнаға шығу арқылы бала өзін танытады, өз қабілетін таниды. Өнер деген — осындай керемет тәрбие құралы. Баланың жүріс-тұрысы түзеліп, ішкі мәдениеті өседі. Күні бойғы сабағынан шаршағанын да ән арқылы шығарады. Бірақ есесіне бізді шаршатады (күліп), — дейді мұғалім.
Үш ай дайындық балалар сахнаға шыққан күні-ақ нәтижесін берді. Семинарға қонақ болып келген мұғалімдердің бірі балаларды видеоға түсіріп, оны TikTok-қа салып жіберген. Бұл видео дереу таралып, бір түн өтпей миллион рет қаралыпты.
Балаларым осылай бір сәтте жұлдыз болып шыға келді. Ертесіне бірден жан-жақтан қоңырау шалып, іздеп, сұхбатқа шақыра бастады. Сол күннен бері балаларға күн сайын өнер көрсету туралы ұсыныс түсіп жатыр. Күн сайын дәл осы құрам әртүрлі шарада дәл осы «Ана» әнін орындап жүр. «Алатау» дәстүрлі өнер театры мен ұлттық музей ұжымы да келіп, ән айтып кетуге шақырып жүр. Қазір балалардың уақыты жоқ, — дейді мұғалім күліп.
Манарбек ағайдың өзіне де өзге мекемелерден көптеп ұсыныс түсе бастаған. Түрлі ұйым оған келіп, хор ұйымдастырып беруді сұраған. Бірақ ол әзірге атқаратын жұмысым жетеді дейді. Ол бүгінде мектептен бөлек Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында «Хорды дирижерлау» кафедрасының аға оқытушысы болып істейді. Сонымен қатар «Алатау» дәстүрлі өнер театрының хормейстері.
Манарбек ағай балаларын мақтап жатқандар көп дейді. Оның айтуынша, адамдардың қолдауы балаларды да шабыттандырып жіберген. Олар қазір жаңа ән әзірлеп жатыр.
«Осымен тоқтап қалмаңыздар. Тағы да хор қойылымын күтеміз» деп жазып жатқандар көп. Қазір жаңа әнді хорға бейімдеп жатырмыз. Дайындыққа кірісіп кеттік. Садраддин — жастардың ішіндегі өте талантты композитор, жақсы әнші, өзім шығармашылығын жақсы көремін, сүйіп тыңдаймын. Тағы да осы әншінің әнін алдым. Бірінші хорда балалармен ән арқылы анаға деген сүйіспеншілікті жеткізсек, келесі рет адамға деген сүйіспеншілік туралы әндетеміз деп отырмыз, — дейді Манарбек ағай.
Манарбек ағай балаға дұрыс ән таңдап беру де маңызды дейді. Ол мұның тәрбие құралы ретіндегі рөлі зор екенін айтты.
Мектебімізде үйірменің түр-түрі бар. Вокал сабақтары, хор үйірмесі, би, күй және сурет салу үйірмесі және тағы басқасы жетеді. Мұның бәрі сабақ кестесінен тыс уақытта болады. Бұл жерде мұғалім баланы тоқпақтап отырмайды, баға да қоймайды. Кейде балалар үйірмеде «баға» деген мотивация болмағаны үшін «Бұл маған не үшін керек?» деп ойлауы мүмкін. Кейде ата-ана да солай ойлап, сабағы біте сала, үйірмеге қалмай, үйге қайтуды талап етуі мүмкін. Бірақ өнердің кез келген түрі баланың ішкі мәдениетін қалыптастырады. Баланы тәрбиелейді, өзін, өзгелерді сыйлауды үйретеді. Баланың қиялын, креативін дамытады. Бұған қоса баланың бойында энергия көп. Қазір оны шығаратын жер де көп. Сабақ біткен соң, алысып-тартысып төбелеске немесе телефонға жұмсағанға қарағанда, ол энергияны өнер сияқты пайдалы дүниеге құртқаны абзалырақ қой, — дейді Манарбек ағай.
Манарбек ағайдың айтуынша, «Ана» хорының видеосы желіде тарап кеткеннен кейін мектептегі хор үйірмесіне жазылуға ниет білдіргендердің саны күрт өскен.
Көп адам хор деген көптің ішіндегі біреу боп, көрінбей аузыңды жыбырлатып кету деп ойлайды. Бірақ хор сапы құралғаннан бастап тәрбиелеу процесі басталады. Бала дұрыс тұруы керек, арқасын тік ұстауы керек, басқа балалармен бір қатарды ұстануы керек, сахнаға бәрі бірге түзу кіріп, түзу шығып кетуі керек және осындай көп көзге көріне бермейтін міндет жетерлік. Осыны түсіне бермеген соң бәрі хордан қашатын, іш пыстырарлық ермек көретін. Ал видеомыз желіде тарап кеткелі ата-аналардың өзі келіп, баласын хорға жаздырып кетіп жатыр. Бұрын жыл басында 55 баланы жиып алып, жыл соңында соның жартысын ұстап қалсақ, шүкір дейтінбіз. Қазір хордан қусаң да, кетпейді, — дейді мұғалім күліп.
Манарбек ағай хормен бірге жаңа әннің дайындығын пысықтап жатыр. Балалардың кестесі тығыз. Олар енді мерекеге толы наурыз айына дайындалып жүр. Сахнада 55 бала тұр, бәрі сахнаға шығып біткенше де бірер минут қажет.
Кез келген адам мұғалім бола алмайды. Балаға қатесін де айта білу керек, сол сәтте жұбатып алатын да — мұғалім. Бала энергияға толы болған соң, мұғалімнің энергиясын жеп қоятыны да рас. Дайындық біткенше 55 бала бір сұрақты кезек-кезек қойып шығады. Мен де бәріне кезек-кезек шаршамай, ашуланбай бір жауапты қайталап беруге тиіспін, — дейді мұғалім.
Манарбек ағай балалары сахнаға шығып, үйреткенін әдемілеп көрсетіп бергенде, артынан көрермен ду қол соққанда кеткен энергияның орны қайта толады дейді. Сол толған энергия мұғалімге келесі рет сахнаға шыққанға дейін жетеді.
***
Тағы оқыңыз: