Балалар психологы Айжан Нұрболқызының айтуынша, кей ата-ана баласының қарым-қабілетін ескерместен, түрлі үйірмеге беріп, оған өз арманын таңуға ұмтылады. Мұндай әрекет баланың тұлға ретінде ашылуына кедергі болады.

«Баланың бос уақыты болмауы керек». Бұл — ең қате қағида. Ата-ана баласының бос уақыты көп болса, «гаджет қарап, кейін жаман ортаға қосылып кетеді» деп қауіптенуі мүмкін. Сол ойдан қорқып-ақ, баланың бос уақытын үйірмелермен толтырып тастайды. Қазіргі мінсіз бала образы да сол: мектепке барады, түстен кейін үйірмесі, одан соң қосымша сабағы бар, арасында тамағын ішіп, бірнеше минут смартфонын қолданады. Мүлдем бос уақыты жоқ. Баланың бәрі бірдей физикалық тұрғыдан үйірмелердің ауыртпалығын көтере алмайды. Оның күніне кемі екі сағат бос уақыты болуға тиіс. Бұл кезде ойнап, өзге құрдастарымен араласып, әңгімелесіп өсуі керек. Күні қалай өткені жайлы ойлануына, қорытынды жасауына мұрша беру қажет. Өйткені баланың ойлануға да уақыты болмаса, ұйықтағанда да тыныға алмайды. Ал мұның бәрі оның өмірге деген ынтасына, шығармашылық, интеллектуал тұрғысынан дамып-жетілуіне кесірі тиеді», — дейді ол.

Психолог баланың қабілетін дамыту үшін үйірмеге беруге асықпау керек деп есептейді. Оның сөзінше, шығармашылық қабілеті дамып келе жатқан балаға басты қолдау — бақылай білу.

«Баланың қабілетін ашу — ата-ананың міндеті, бірақ барлық нәрсенің шегі бар екенін түсінген дұрыс. Оның үстіне «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, бар үйірменің бәріне жаза салу да — жауапкершілікті толық сезінбеудің белгісі. Балаға жастайынан жеке тұлға деп қарау керек», — дейді Айжан Нұрболқызы. 

Әдетте кей бала кішкентайында өнерге жақын болып, кейін тұйықталып жатады. Психолог мұның себебін ата-ана баланы шаршатып, кейден шектен шығып кететінен көреді.

«Кей ата-ана баласының ыңылдап, ән айтуға икемі барын байқаған соң оны бірден вокал үйірмесіне жазады. Әрине, баланың бойындағы шығармашылық қабілетті ерте кезден дамытқаны жөн, бірақ шегі де барын ұмытпауымыз керек. Балаға артық стресс, жүктеме болмасын үшін немесе оның қызығушылығы қайтып қалмасын десеңіз, үйірмеге аптасына тек бір рет апарсаңыз да жетеді. Бес жастағы балаға аптасына үш рет сабаққа бару тым ауыр», — дейді ол.

Баланың қабілеті ашылуы үшін жай ғана жағдай жасап, қолдап, бақылаудың өзі жеткілікті екен. Артық міндет жүктеуден аулақ болу керек. Өйткені бала қабілеті анық білініп, икемі анықталғанша бірнеше кезеңнен өтеді.

Айжан Нұрболқызының айтуына қарағанда, баланың көпшілігі бір-екі жасында музыкаға, оның ритміне қызығады, тыңдау қабілеті де осы кезеңде дамиды. Ал үш-төрт жас — оның қиялы дамитын кезең. Баланы шығармашылыққа, өнерге жақын етіп тәрбиелеу үшін осы кезеңде оған еркіндікті сезінуге мүмкіндік беру керек екен. Екі-бес жас аралығында баланың миындағы шығармашылыққа жауап беретін оң жақ жарты шарды дамытқан жөн. «Ал оқу, жазу, сызу мен әріп жаттауға жауап беретін сол жақ жарты шарды дамытуға алты-жеті жастан кіріссеңіз де, кеш емес» дейді психолог.

«Жартышарлар кері ретпен дамыса, бала болашақта қатты қиналады. Ата-ана баланың шығармашылық қабілеттерінен бұрын жазу-сызу қабілетін дамытуға мән берсе, кейін мектепке барғанда бала өзінің не айтып жатқанын түсінбей жатады. Сосын сабақты да тек жаттап оқиды. Бізде көпшілік арасында шығармашылық пен ғылым арасында таңдау жасау керек деген қате пікір бар. Ата-ана баласының математик болғанын қаласа, онда оны шығармашылық үйірмелеріне бергісі келмейді. Өйткені онда уақытын босқа құртады деп есептейді. Баланың бос уақытын түгел есеп шығаруға арнауын талап етеді. Әуелі оның ой-қиялын дамытуға күш салу керек. Ең бастысы — ештеңе мәжбүрлі түрде болмауы керек», — дейді ол.

Айжан Нұрболқызына да кей ата-ана баласының үйірмеге барған соң мінез-құлқы өзгергенін айтып шағымданған. Ол бірнеше сеанстан кейін бала мұның бәрін ата-анасының қалауымен орындағанын анықтаған.

«Көп ата-ана үйірме таңдауды үлкен жұмыс көреді. Оны таңдап, баласын берген соң, психолог іздейді. Бізге келіп, үйірмеге барғалы баласының мінезі өзгергенін айтып, көмек сұрайды. Кейінгі келген ер адам баласын бокс үйірмесіне беріпті. Бала кенет мінезі өзгеріп, кластастарымен төбелесетін болған, үлгерімі де төмендеп кеткен. Үйде тіпті тұйық. Оның бірнеше психологиялық сеанстан кейін футбол үйірмесіне барғысы келгенін, ал әкесі кезінде бокс чемпионы болғысы келгенін анықтадық. Бұл — күйзелістің бергі жағы. Кейде ата-аналар мұндай белгілерге тіпті назар аудармайды. Баланы өзінің орындалмай қалған арманына жеткізер құрал ретінде көреді. Бала — тұлға. Ата-ана оған белгілі бір уақытқа дейін тек қолдау көрсетуі керек», — дейді ол.

Айжан Нұрболқызы баланың қабілетін, қызығушылығын анықтау үшін онымен жиірек әңгімелесіп, көбірек ойнауға кеңес берді. Өйткені баланың не нәрсеге қабілеті бар екенін өзінен артық ешкім білмейді. Бұған қоса, мектеп жасына дейінгі көп бала сөзшең келеді. 

«Бала бәрі ұнайды деуі мүмкін. Ол дүйсенбіде биге, сейсенбіде ән үйірмесіне, сәрсенбіде шахматқа, бейсенбіде жүзуге, жұмада домбыраға барады делік. Мұндай кесте баланың қабілет ашудан гөрі оның өмірге құлшынысын азайтуы мүмкін. Осының ішінен қайсын шынымен қалайтынын білу үшін мынадай ойын ойнап көріңіз. Әр үйірме атауын қағазға жазып, ретпен таңдауды ұсыныңыз немесе жағдаяттық сұрақтар қойыңыз. Әдетте бала мұндай кезде ішіндегісін бүгіп қала алмайды. Шынымен қай үйірмеге барғысы келіп тұрғанын қайсын бірінші айтқанына қарап-ақ білуге болады. Баланың қарым-қабілетін ашу — жауапкершілік. Басты міндет — тыңдай білу, балаңызды тануға ұмтылу. Оны кішкентай демей, ойын кезінде айтқан әңгімесіне дейін құлақ асыңыз. Сонда өзіңіз де адаспайсыз, балаңыз да адаспайды», — дейді психолог.